Жалғасын тапқан дәстүрлі байқау

Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «ЕКІ JULDYZ» думанды ән байқауы өтті.

 

Ауыл тұрғындары арасында дарынды да сан қырлы тұлғаларды елге таныту, сондай-ақ, әртүрлі сала өкілдерін өнерге баулу мақсатындағы  байқауға 5 жұп қатысты. Өнерлі жұптар байқау шартына сәйкес 2 кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде еркін тақырыпта әр шырқаса, екінші кезеңде кинодағы саундтрек әндерін орындады.

Байқауға Ақтөбе қаласының дарынды әншісі, көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері-Есет Әлімжан, аудандық балалар өнер мектебі, вокал классының мұғалімі-Ерасыл Игизбаев, мәдениет үйінің қызметкері-Жасұлан Жұмабаев төрелік етті.

Қатысушылардың өнерлері 50% қазылар алқасының шешімімен, 25 % билет арқылы, 25% әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы бағаланды.

Таланттылар мен өнерлілердің басын қосқан байқау өте тартысты өтті. Олай деуіміздің басты себебі, әрбір жұп өз ерекшеліктерімен танылып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сонымен қатар, мәдениет үйіне тамашалауға келген көрермендер де аз болмады. Өнерпаздарға жанкүйерлері қолдау білдіріп, ерекше қошеметке бөледі.

Осылайша, жылдағы дәстүрге айналған ән байқауы қызықты өтіп, нәтижесінде жеңімпаздар арнайы жүлделі орындармен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша Жосалы орта мектеп-балабақшасының кітапханашысы,  бақытты ана — Айдана Мінажанова мен аталмыш ауылдық клуб қызметкері, биші — Гүлнұр Туткушева және де аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы — Зайра Гусманова мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері, дәстүрлі «Екі жұлдыз» думанды ән байқауының тұрақты қатысушысы — Қымбат Тасымова жақсы өнер көрсеткендері үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Ал жүлделі ІІІ орынды Қосестек орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі — Василий Гулаков пен аталмыш ауылдық округтің кітапхана меңгерушісіГульбадан Байменова иеленсе, жүлделі ІІ орынды  аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімінің жүргізушісі Абай Тагабергенов пен  аудандық аурухананың операторы – Мансия Балтабек ие болды.

Байқаудың І орны Бадамша мектеп бөбекжай-бақшасының ағылшын тілі пәні мұғалімдері Серик Садыков пен Жазира Булатованың жұбына бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар және де байқаудың  атауымен «Екі juldyz» мүсіні табыс етілді.

Байқау соңында аудандық мәдениет үйінің директоры Шапағат Аманжол сөз алып, қатысушы өнерпаздарға өзінің лебізін білдіріп, қолдап келген көпшілікке де алғысын жеткізді. Сондай-ақ, облыстан келген  қонақ, әділқазылар алқасының мүшесі, әнші Есет Әлімжан әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Байқау шымылдығы «Екі жұлдыз» әнімен тәмамдалды.

Бақыт ИМАШЕВ,

  ауданның «Құрметті азаматы«

ТегтерӨнер