ЖАҚСЫ ІСТІҢ ЖАЛҒАСЫ…
Жақсы істің жалғасын тапқаны көңілге қуаныш, көпке үлгі. Өйткені, жақсылық жасап, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс.
Осы орайда Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясының қолдауымен жыл сайын “Жылды жақсылықпен баста” акциясы жалғасын тауып келеді. Биыл аталмыш акция аясында аудандық балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен “Жыл мейірімі” атты мерекелік шара өтті.
Мейірімділік ізгілікке бастайтын жол. Сол себепті де аудандық балалар өнер мектебі жыл басын жақсы істермен бастауды игі дәстүрге айналдырған.
Қазақта «Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, расында өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге жақсылық жасаған әлде қайда адамды шабыттандырады.
Айта кетерлігі бұған дейін де өнер мектебінің ұжымы мен өнерлі оқушылары түрлі қайырымды іс-шаралардың себепшісі болып жүр.
Халқымыз «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді», – демекші, шынымен де білікті басшы өз ұжымының еңбегін жемісті ете білсе, қол жеткізер жетістіктің де зор болары сөзсіз. Осы мақсатта біз де мектеп директорынан акция аясында ұйымдастырылған шара жайындағы пікірін білген едік.
— “Жылды жақсылықпен баста” акциясы мектебімізде жыл сайын өткізіліп келеді. Акцияға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Бұған дейін ауданға қарасты ауылдық округтердегі көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың және де мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, интернаттағы білім алып жатырған балалар мен балабақша тәрбиеленушілеріне де көңіл бөлініп, мерекелік бағдарламалар, шеберлік сағаттары өткізіліп, сыйлықтар таратылды. Ал биыл әр саланың ардагерлерін жинап мерекелік көңіл күй сыйладық. Мұндағы басты мақсатымыз қай кезде де ауданымыздың игілігі жолында бар қажыр-қайратын жұмсап, еңбек еткен үлкендерімізге қолдау білдіріп,олардың қоғамдағы рөлі мен беделін, белсенділігін көтеру. Іс-шараға ұжымым әркез қолдау білдіріп, мектеп оқушылары да өз үлестерін қосуда. Бұл өсіп келе жатырған тәрбиеленушілерімізге де зор үлгі деп білемін,-дейді аудандық балалар өнер мектебінің директоры Айнагүл Мамбетова.
Шараға аудан орталығындағы аға буын өкілдері белсенділік танытып қатысты. Қонақтар жаңа мектептің тыныс — тіршілігімен танысып, одан соң мектеп психологы Гульсум Гусманованың тренингімен жалғасты.
Осылайша, іс-шара концерттік бағдарламамен ұласып, сыйлықтар табыс етілді. Ал ерекше әсерге бөленген үлкендеріміз өздерінің лебіздерін білдіріп, мектеп ұжымы мен өнерлі оқушыларына алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Жұлдыз КЕНЖЕ