ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ӨНЕГЕСІ

Туған жердің тазалығы мен көркі – әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамаcы да осы жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаны аялауға, туған өлкенің ажарын сақтауға үндейді.

Бастаманың басты мәні – тазалықты науқан кезінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл бағытта әр ауылда өз еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген аға буын өкілдері бар. Солардың қатарында Әлімбет ауылының тұрғындары, зейнеткерлер Сергей мен Галина Варфоломеевтер отбасын  атап өтуге болады.

                                           

Жасы ұлғайғанына қарамастан, қос зейнеткер өз ауласының тазалығы мен көркіне ерекше мән беріп, кейінгі буынға өнеге көрсетіп келеді. Ауласының әр бұрышын ұқыпты ұстап, айналасын абаттандыруға көңіл бөлетін олардың еңбегі ауылдастарына да жақсы үлгі.

Сергей – Әлімбет ауылының тумасы. Кезінде одақ көлеміне танымал болған №3 Әлімбет ауылшаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесін тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылында бастап, Әлімбет кеңшарында шебер-прораб, ұста болып қызмет атқарды.

2004-2019 жылдары «Ветерок» шаруа қожалығын жүргізіп, 400 гектар алқапқа егін екті. Ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, туған елінің дамуына өзіндік үлесін қосты.

Жұбайы Галина да еңбек жолын Әлімбет ауылындағы №3 кәсіптік-техникалық училищені тәмамдағаннан кейін бастады. Он жылға жуық дәріханада тазалықшы болып еңбек етіп, кейін жолдасының «Ветерок» шаруа қожалығында қызмет атқарды. Еңбекке деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы арқылы отбасына да, айналасына да үлгі бола білді.

Бүгінде төрт қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Зейнет жасындағы қос азаматтың ұрпағына қалдырар ең үлкен мұрасы – адал еңбекке деген құрмет, туған жерге деген жанашырлық және қарапайым тірліктен көрінетін жауапкершілік.

«Таза Қазақстан» бастамасының ауқымы тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – қоршаған ортаға деген мәдениетті қалыптастыру, әр азаматтың өз ауласы мен ауылына деген жауапкершілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, кейіпкерлеріміздің күнделікті еңбегі көпке үлгі боларлық.

Туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген ауыл-аймақ азаматтары туралы айтып, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау – жақсы істің жалғасуына жол ашады. Үлкендердің өнегесі жастарды еңбекке, ұқыптылыққа және туған жерді қадірлеуге тәрбиелейді.

Бақыт ИМАШЕВ