Зейнетақы мен жәрдемақылар мөлшерінің өсуі жайлы

Биылғы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік сала, оның ішінде жәрдемақы, зейнетақы және өзге де төлемдерге байланысты өзгерістер орын алады. Яғни, төлем мөлшерлерінде оң өзгерістер болады деп күтілуде. Біз осы орайда әлеуметтік қамсыздандыру бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қарғалы аудандық филиалының бөлім басшысы Наталья Юсуповамен сұхбаттасып, мән-жайды білген едік.

 2024 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақылардағы өзгерістерге тоқталып өтсеңіз?

 «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы жобасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап:

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге мөлшерінде;

Ең төменгі зейнетақы — 57 853 теңге;

Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 43 407 теңге;

Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 28 215 теңге.

-Зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді қайта есептеуді уақтылы қамтамасыз етуді нақтырақ, ажыратып айтып берсеңіз?

— Бұл мақсатта мынадай параметрлерді ұстану қажет.

  1. Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 9 % — ға артады.
  2. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (203 060 теңге) құрайды.
  3. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 205-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65 пайызы (60 пайыздың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.

Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарғада қатысты.

  1. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланыстымемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін Кодексінің 177 және 236-баптарында көзделген мөлшерде 2024 жылғы 1 қаңтарда ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты (43 407 теңге) жоғарылатылады.
  2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу (бұдан әрі – ӘТеа) және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 19 қазандағы № 925 қаулысына сәйкес 2024 жылы 1 қаңтарынан бастап 7 % артады.

-Ендігі кезекте жәрдемақыларға қатысты өзгерістерге тоқталып өтсеңіз?

         —Бүгінгі таңда баланы дүниеге әкеліп, оны бағып отырған аналарға отбасының табысына қарамастан 5 түрлі жәрдемақы беріледі. Олар мынылар:

1) жұмыс істейтін аналарға, егер олар Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы болса, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем төленеді;

2) бала тууға байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы беріледі:  1-3 баланың тууына бір реттік төлем 38 АЕК – 140 296 теңге;  4 және одан да көп балаға 63 АЕК – 232 596 теңге.

          3) бала  оның күтіміне ай сайын жәрдемақы беріледі: 1,5 жасқа толғанға дейін  жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен жәрдемақы беріледі. Атап айтқанда, бірінші балаға – 5,76 АЕК — 21 265,92 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК — 25 142,52 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК — 28 982,2 теңге, 4 және одан да көп балаға – 8,90 АЕК — 32 858,8 теңге; жұмыс істейтін әйелдерге, егер олар Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болса, бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде төленеді;

4) баласы бір жарым жасқа толғанға дейін анасы оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады;

5) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғаны үшін жәрдемақы өседі.

         — Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем қалай жүргізіледі?

— Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ҚР Үкіметіне 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға  арнаулы әлеуметтік төлем енгізу тапсырылған. Аталған Заңмен ҚР Әлеуметтік кодексіне толықтырулар енгізіліп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек жағдайлары  зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізу шаралары көзделген. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қойылатын талаптар:

  • 55 және одан жоғарғы жасқа жетуі:
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 7 жыл және одан жоғарғы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісінің болуы;
  • Еңбек қызметін тоқтатуы немесе еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа орналасуы.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге арнаулы әлеуметтік төлемдерді төрт қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады:

— Республикалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде (2024ж. ЕТКД-43407т.*2=86814т) ;

— БЖЗҚ-дан Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен, қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып;

— өмірді сақтандыру компанияларынан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43407т.) мөлшерінде;

— жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43407т.)мөлшерінде.

         -Зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты ауыл тұрғындары қайда барып кеңес ала алады?

-Кеңес алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарғалы ауданы бойынша филиалына, төмендегі көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласа алады.

Бадамша ауылы, Әбілқайыр хан көшесі, 71Б.

 

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА