Ызғарлы желтоқсанның шуағы
Тәуелсіздік — бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік — таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде түсінгенге бұл марапатқа кенелтіп, думандатып, ұрандатып тойлайтын мереке еместігін елге ескерткен болатын. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрып, Кеңестік үкіметтің келмеске кеткен кесірлі саясатына қарсы тұрған жастардың рухы мен елім деген ерлігін дәріптеп, еске алатын күн деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «16 желтоқсанды тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым ететін күн ретінде атап өтеміз» деп мемлекеттік мерекенің мәнісін түсіндіріп берді.
Осыған орай, елімізде соңғы 3 жылдан бері бұл күн өз мән-мағынасында атап өтіліп, желтоқсаншыларды еске алу күні болып келеді. Себебі, ат үстінде жүріп, кең байтақ жерімізді білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен қорғап қалған батыр бабаларымыз шын жаужүрек мұрагерлері. Өйткені, олар дәл осы 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматы қаласындағы Брежнев алаңында ызғарлы желмен қарбалас, кеңестік жүйенің әскерлерімен алыса табан тіреп, Тәуелсіздіктің таңы ататындығына сеніп, ел болашағы үшін ерлік көрсетті.
Онсызда кеңестік жүйенің саясатына ызалы жастар, осы желтоқсан айының 16-шы жұлдызы күні өткен мемлекеттік жиында қаралған үстірт шешімдер жастарды одан сайын ашындырып, жұмысшы жастар мен білім алып жатырған студенттердің алаңға шығуына бастау алған болатын.
Басты себеп Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында өз халқы үшін бар күш жігерін салып, 24 жыл еңбек еткен Дінмұхаммед Қонаевты орнынан түсіріп, оның орнына елімізді бұрын-соңды көрмеген Геннадий Колбин тағайындалады. Осы жағдайдың орын алу себебінен, жастарымыз 17 желтоқсан күні жалынды ұрандармен жиналып, ел ертеңі үшін ерлікпен бой көтерді. Кейбір мәліметтерге қарағанда алаңға ұрандатын шыққан жастардың саны 5 мыңнан 30 мыңға жеткен. Тұтқындалғандары 1000, жараланғандары 200 болса, қайтыс болғандары 168-200 адам деп те айтылып жүр.
Коммунистік партияның ең сорақы мәліметінше Кеңес одағына қарайтын 15 одақтас республикаға, сондай-ақ, шетелдік басылымдарға, әділдік пен азаттық үшін күрескен өрімдей жастарды ішімдікке құмар, т.б. зиянды әрекеттерге лайықты жағымсыз кейіпте көрсетуі еді. Сонымен қатар, елдегі жастарға да солай көрсетіп, ауылдағы ата-аналарын қудалап, бар қолдан келген бәле-жаланы жауып бақты. (Сөзім дәлелді болуы үшін мен ол кезде Гурьев (қазіргі Атырау) ет комбинатында еңбек ететінмін. 1987 жылдың 5 қаңтарында 6 адам кәсіподақтың жолдамасымен Қырымға демалыс орынына бардық).
Сөздің тоқ етері, бізді түрпідей көріп, көтерілісшілер, саясатқа қарсы шыққандар деп қарсы алып, жат пиғылды елдің адамдары деген ұғыммен қарап, барғанымызға өкініп қайттық. (Автор)
«Аққа құдай жақ»- дегендей, кейіннен ақ-қарасы ашылып, күллі әлем алдында жастарымыз ақталып, еліміз қара күйеден арылып, Тәуелсіздіктің ақ таңын да көрдік.
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі, хылқымыздың басынан өткен соқтықпалы соқпақтың ең соңғы және ірі адымы болды. Биыл Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толса, ал бүгінде Тәуелсіздік таңының атқанына да 33 жыл. Қазір міне еліміз дамып, әлем танырлық ірі елдердің қатарында. Сол кездегі қазақ жастарының бойындағы ары мен намысын, ерлігін айқындаған желтоқсаншылар бүгінде ел ағасы мен анасы болса, Тәуелсіздіктің құрдастары да оң мен солды айыра алатын азаматтар.
Осы жылдар ішінде еліміз айтарлықтай өзгеріп, көптеген жетістіктерге жетті. «Тәуелсіздік таңы» атпас бұрын Қазақстанды толық білмеген мелекеттер қазіргі таңда елімізге қызыға да, қызғана да қарайды.
Міне, осылайша қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанның халқы ызғармен келген желтоқсанның шуақты күндерінің шапағатын көруде.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»