ЫНТЫМАҚ КҮНІНДЕГІ ДҮБІРЛІ ТОЙ

Самарқанның көк тасы еріп, Жер-ананың тоң кеудесі жібіген күнді біздің ауданымыздың тұрғындары жоғары деңгейде атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің алаңында, ашық аспан астында ауқымды концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, мәдениет үйінің алаңы көзтартар көрініспен безендіріліп, бес бірдей киіз үй тігіліп, әр үйге ұлы тұлғаларымыздың, атап айтар болсақ, Абай ауылы, Аққағаз Досжанова ауылы, Ыбырай Алтынсарин ауылы, Мұхтар Әуезов ауылы, Шәмші Қалдаяқов ауылы атауы беріліп, ұлтымыздың салт-дәстүрінен көрініс көрсетіліп, тұрғындар үшін арнайы дастарқан жайылып, құрмет көрсетіліп, бауырсақ пен наурыз көже тегін үлестірілді.
Ұлыстың ұлы күніне арналған «Төрлет, Наурыз төріме!» атты мерекелік іс-шараны тойлауға халық көп жиналды. Көпшілікке Наурыз тойының түрлі тағамдары ұсынылып, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, атап айтар болсақ қазақша күрес, гір көтеру, арқан тартыс, қошқар көтеру, ләңгі тебу, т.б ұлттық ойындардың жеңімпаздары марапатталды.
Дүбірлі Наурыз тойы аудан көркем өнерпаздарының «Бастаңғы» театрлық ән-би қойылымымен басталып, одан соң әсем ән шашумен жалғасты. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев барша аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жиналған жұртшылыққа лебізін білдіріп, бақ-береке тіледі.
Осылайша, алаңдағы жұрт аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалады. Жергілікті өнерпаздар тұрғындарға ән мен күйден шашу шашып, ерешке көңіл күй сыйлады. Атап айтар болсақ «Мейрам» тобы «Шашу», «Қазақ өнері», «Ата-дәстүр», Есет Әлімжан – «Ұлы дала», Жансая Даурбаева, Гүлмира Кеңесқызы – «Ел аман болсын!», «Ақпейіл» халықтық вокал ансамблі «Қоғалай», «Наурыз-көктем», т.б. әндер шырқалып, домбырашылар ансамблі «Ақжелең» күйін шертіп, «Наз» халықтық би ансамблі «Қазақ биімен» өнер көрсетті.
Мерекеге жиналған көпшілік те өздерінің лебіздерін жолдап, тілектерін білдірді.
-Бүгінгі мереке жақсы өтіп жатыр. Жыл сайын ауданымыздағы мереке өте жоғары деңгейде өтеді. Мен өзім зейнеткермін. Біз Әйтеке би ауданынан қоныс аударып келдік. Қазіргі таңда осы Бадамшада тұрамыз. Наурыз мейрамы құтты болсын! Барша ауылдастарыма ауызбіршілік пен береке бірлік тілеймін,-дейді ауыл тұрғыны Ерғали Деренбаев.
-Бұл өте керемет мереке. Осындай мерекелер көп болса деймін. Ауыл тұрғындары да риза. Жерлестеріме ең бастысы мықты денсаулық тілеймін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын,-дейді зейнеткер Елена Синица.
-Бүгінгі күннің маңызы зор. Өзім де мерекеге атсалысып, би билеп, сахналық қойылымға қатысып, өнер көрсетіп, ерекше әсердемін. Барша халыққа бақыт пен тыныштық тілеймін. Әр қазағым тек қуаныш көрсін,-дейді Варвара Ивахова №2 Бадамша орта мектебінің оқушысы.
Осылайша, аудан халқының мерейін өсіріп, болмысын айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі барлық сән-салтанатымен өтіп, кеш қонақтарының есінде қалды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА