ВАКЦИНАЦИЯНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Вакцинация – бұл  адам ағзасын инфекциялық аурулардан сақтау, жұқпалы ауруды тоқтатуға және жоюға бағытталған үрдіс болып табылады. Екпе жасалатын инфекциялардың атаулары мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітіледі.

Елімізде Ұлттық күнтізбеге сәйкес қазіргі таңда 20-дан астам инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация тегін жасалады. Қазақстанда халықты иммунизациялау үшін Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар қолданылады.

Мемлекеттік тіркеу рәсімі — күрделі көпкезеңді процесс және оған вакцинаның сапасын зертханалық бақылау қосылады. Сонымен қатар, өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар сатып алынады. Профилактикалық екпелерді жүргізу мерзімдері ғылыми мәліметтерге және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына негізделген. Мәселен, баланың ағзасына ананың антиденелері (антитела) беріледі және қысқа мерзімде ғана сақталады: дифтерияға қарсы 2-3 ай, қызылшаға қарсы 6 айға дейін, ал туберкулезге және «В» гепатитіне қарсы бала толық қорғалмаған болып туылады. Бұл ерекшеліктер, вакцинацияның мерзімдерін анықтағанда ескеріліп отырады. Осыған орай, бала туберкулезге немесе «В» гепатитіне қарсы туылған күнінің алғашқы күндерінде екпе алады, ал дифтерияға қарсы  2-3  айлығында екпе алады.

Кей елдерге профилактикалық екпелері болмаса кіруге тыйым салған.  Мәселен, Сауд Арабиясына қажылыққа баратындар үшін менингококк инфекциясына қарсы, Бразилияға, Боливияға, Колумбияға, Кенияға және Африка континентінің басқа елдеріне бару үшін сары қызбаға қарсы вакцинация қажет.

Екпелер  тек өз денсаулығын қорғау үшін жүргізілмейді, ол сондай-ақ қоғамның саулығы үшін де жүргізіледі (ауырған адам инфекцияны таратушы болуы мүмкін және басқа адамдарға қатер төндіреді). Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың иммунизациялауға жататын тобының 95% екпемен қамту керек.

Адамзат тарихы дәлелдегендей, денсаулық сақтау саласына араласудағы    ауру деңгейі мен өлім-жітімді азайтудағы ең тиімді әрі қауіпсізі ол иммунизация.

Әрине екпе салдырудың алдында белгілі  процедуралар жүргізіледі. Профилактикалық екпе салдырудың алдында медицина қызметкері екпе салдыратын тұлғаны тексеріп, көреді. Медицина қызметкері екпе салдырушы тұлғаға немесе оның заңды  уәкіліне профилактикалық екпе туралы толық әрі жан-жақты ақпарат береді,  туындап қалатын кері әсері, екпеден бас тартудың зардабы, вакцина салдырғаннан кейін болатын асқынулар жайлы айтады.

Жылда балаларына екпе салдырудан бас тартып жатқан ата-аналар саны көбеюде. Жеткен жетістіктердің арқасында осы инфекциялардың қалай ауыр өтетіні ұмытыла бастады. Инфекциялар мәңгілікке жойылды деген жалған әсер туындады. Бас тартулардың негізгі себептері болып жеке пайымдаулар, вакцинаға деген сенімсіздік, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы (интернет ресурстары) алынған жағымсыз мәліметтер екендігі жасырын емес.

Сондықтан осы тұста айта кетерім, өз балаңызға вакцинация жүргізу мәселесін шешу кезінде, негізі жоқ, ешқандай ғылыми мәліметтерге сүйенбеген, медициналық білімі жоқ кез-келген адам сала салған интернеттен алынған мәліметтерді арқаланбай, ең алдымен  ғылыми дәлелденген ақпарды, вакцинопрофилактика саласындағы ғалымдардың еңбектерін оқып, байлам жасау қажет екендігін ескерткім келеді.

Әр ата-ана балама екпе салдыру керек пе, жоқ па деген таңдаудың  алдында тұрады. Дегенменде, ата-ананың білуі қажет нәрсе, уақытылы жасалған екпелер баланы аурудың ауыр түрінен сақтауға көмектеседі және әрі қарай инфекциялық ауруларды жұқтырудан сақтайды. Балалардың барлығы  қорғауға болатын барлық жаман нәрседен қорғалуы тиіс!

А.БЕРЖАНОВА,

аудандық санитариялық – эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы