ҰЖЫМДАР АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ОЙЫН

Желтау ауылдық округінде аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен, сондай-ақ, «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасы мен Петропавл ауылдық дене шынықтыру кешенінің бірлесе ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында спорттық эстафета өтті.

Спорттық шараға Желтау ауылдық округі мен Шәмші Қалдаяқов ауылындағы мекеме ұжымдары қатысты. Эстафеталық жарыс 7 тур бойынша өткізіліп, оның ішінде арқан тартыс, асық ату, қаппен секіру сынды өзге де қызықты түрлерін қамтыды.

                             

Аталмыш спорттық шарада аудандық жастар орталығының басшысы өзінің лебізін білдіріп, қатысушыларға демеушілік көрсетті.

-Мемлекет басшысы әр уақытта өз сөзінде бұқаралық спортты дамытуды маңыздылығы жайында айтып келеді. Сондай-ақ, ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесінің маңыздылығын басты назарға ала отырып,  салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді. Осы орайда ұйымдастырылып отырған бұл шараның маңызы зор. Сонымен қатар, аудан басшысы спорттық жарыстарға, соның ішінде жастардың, ұжымдардың бірлігін арттыратын шараларға ерекше көңіл бөлуімізді тапсырды. Біздің ең үлкен бәйгеміз, басты жеңісіміз де – тек бірлік пен ауызбіршілік және де салауатты өмір салтын қалыптастыру,-дейді Мейіржан Жұбан.

Сонымен қатар, спорттық шара алдында ұйымдастырушылардың да пікірлерін білген едік.

Қуаныш Құрмашев, Петропавл спорт кешенінің меңгерушісі:

          -Бүгін біз қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтін эстафетаны өткізгелі отырмыз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы шараға біздің округке қарасты ұжым қызметкерлері белсене қатыспақшы. Бұл шара тек спорттық жарыс емес, ол біз үшін тарихи мұрамызды жаңғырту, ұлттық құндылықтарды сақтау және болашаққа аманат етуге арналған ерекше мүмкіндік.

Жангүл Құлымбетова, «Бәйтерек» бөбекжай-балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:

— Ұлттық ойындар – бұл біздің ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес мұра. Олар тек күш-қуат пен ептілікті дамыту құралы ғана емес, сонымен қатар халқымыздың рухын, батылдығын және ынтымағын бейнелейтін мәдени құндылығымыз. Бүгінгі жарыс қазақтың бірлігі мен мәдениетіне деген құрметтің жарқын үлгісі болады деп сенемін. Барша қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жағымды эмоциялар тілеймін!

Осылайша, қатысушылар өзара білек сыбанып, күш сынасқан сайыстың мән-маңызы айрықша болды. Жарыс қызықты да тартысты өтті. Салауатты өмір салтын ұстану – саналы қоғамның таңдауы десек, осы орайда денсаулықты шынықтырып, күш-қуатты арттыруда мемлекеттік мекеме қызметкерлері өздерінің спорт саласынан әсте алыс емес екенін аңғартты. Спорт додасы үш сағатқа жалғасып, спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан дәмді тағамдар ұсынылды.

 

Қазылар алқасы жеті тур бойынша балдық жүйемен топтардың белсенділігін бағалап, үздіктерді марапаттады. Нәтижесінде В.Пацаев атындағы орта мектеп командасы жүлделі І орынға қол жеткізсе, ІІ орынды Шәмші ауылдық клубының командасы, ал ІІІ орынды Желтау әкімдігінің командасы ие болды. Жарысқа белсенді қатысқан өзге топтар да арнайы алғыс хаттармен және де бағалы сый-сияпаттармен марапатталды.

Жұлдыз КЕНЖЕ