ҰСТАЗ ЖОЛЫ — ҰЛЫ ЖОЛ
ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…
Өмірдеге көп мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық ұстаздық.
Шәкіртті тұлғалыққа бастайтын да ұстаз еңбегі. Бүгінде елімізде ұстаз өзінің парасаттылығын жүрген ортасының жұлдызындай пайымдылығымен көптің көңілінен шығып, тыңғылықты істерімен көпті тәнті етіп жүрген ұстаздар қауымына қандай атақ пен құрмет те жарасады.
Былтыр алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанға бекітілді. Естеріңізге сала кетейік, тиісті қаулыны ҚР Үкіметі қабылдаған болатын. Осылайша дүниедегі ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіретін бұл мереке — Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Осы орайда біз де жылдағы дәстүрге сай мереке алдында ауданымыздағы ұстаздар жайлы сыр шертпекшіміз.
ҰСТАЗ ЖОЛЫ — ҰЛЫ ЖОЛ
Болашақтың басшысын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаздар өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін де ұстаздар. Бүгінгі таңда білім беру саласында нәзік жандылардың үлесі басым.
Біздің кейіпкеріміз балалық шақтан мұғалім болуды арман етіп, арманы ақиқатқа айналған ұстаздардың бірі — Бану Ахметханқызы.
Ол өз заманының ұстазы болған Нұрпейіс Хазірет қажының ұрпақтары. Ұлы тұлға осы өңірге мешіт ашып, діни біліммен сусындатқан. Бабамыздың жүрген жолы, салдырған мешіті біздің әңгімемізге арқау болған ұстазымыздың туып-өскен Қарабұтақ жерінде бабаның сөзіндей, кейінгілерге қалдырған көзіндей бой көтеріп тұр.
Бану 1967 жылы 25 наурызда ауданымызға қарасты Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Кейде бұл ауылды Қазақстанның 30 жылдығы атындағы ұжымшар болғандықтан «30 лет» деп те аталып жатады. Бану осы ауылдағы Қызыл-Флот қазақ мектебінде 1973-1984 жылдары білім алып, әрі қарай Ақтөбе қаласындағы М.Құсайынов атындағы мектеп интернатқа ауысады. Осы мектептен 9-10 сыныпты ойдағыдай бітіргеннен кейін өзі армандаған ұстаздыққа бет алады.
Осылайша, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Одан соң жастық шақтың жалындаған шағында студенттік өмірдің сыйындай болған оңтүстіктің азаматы Манас Омаровпен қол ұстасып, оқу орнының жолдамасымен Қарабұтақ ауылының Қызыл-Флот негізгі мектебінде жұбы жарасқан жас мамандар еңбек жолын бастап кетеді. Жолдасы Манас Камалұлы аудан жұртшылығына етене таныс. Ол Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің алғаш әкімі лауазымын атқарған саналы азаматтардың бірі.
Осы өңірде ұстаздық баспалдағынан өткен қос ұстаз Манас Камалұлының жұмыс барысына орай 1993 жылы Бадамша ауылына қоныс аударады. Жылдар өтіп, өмір өз ағымымен жылжып, кейін жолдасы Манас дүниеден өтеді. Бүгінде бұл отбасыда елге сыйлы екі ұл өсіп келеді. Әке-ана жолын қуған ұлы Бағдат ұстаздықты бітіріп, қазір аудан әкімдігі аппаратында маман болып жұмыс жасаса, екінші ұлы да осы саладағы қызметте.
Ал Бану қазіргі таңда №2 Бадамша орта мектебінде ұстаздық етіп келеді. 34 жыл білім саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз осы жолды таңдауына себепші болған ұстазы Қызыл-Флот негізгі мектебінде тарих пәнінен сабақ берген ұстазы Қалқаш Алғалиева апайына алғыс айтуды естен шығарған емес. Шәкірттеріне білім бере жүріп, тіл құдіретін меңгерте білген білікті ұстаз бүгінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады. Ұстаздың осы кезге дейінгі білім саласындағы қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Оған қоса ауданымыздағы қоғамдық іс шаралардың басы-қасында әркез белсенділік танытып жүр. Айта кетсек, ол ауданымыздағы №241 сайлау учаскесінде ұзақ жылдан бері сайлау комиссиясының төрағалығы қызметін де атқарып келеді.
Бану ұзақ жылғы оқушыларға білім мен тәрбие берудегі ұстаздық еңбегі мен қоғамдағы белсенділігі үшін Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, аудандық, облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталған. Ең бастысы еңбегі ақталған ұстаз.
«Адамның адамшылдығы — жақсы ұстаздан» демекші, Бану Ахметханқызы да бұл ұлы жолда шәкірттерінің мейірімі мен ата-аналардың алғысынан артық құрмет жоқ дейді. Расында, ұстаздық ету – ұлы жол. Өйткені, ол – оқу мен тынымсыз еңбектің жолы.
Бақыт ИМАШЕВ