ҰСТАЗ МЕРЕЙІ
Дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіріп, білімнің жаңа жүйесін құрып жатқан еліміздегі ұстаздарға сый-құрмет қашан да ерекше. Білімі мен тәлімі құрметке лайық ұстаздар біздің ауданда да баршылық.
Солардың бірі — ауданымыздағы ұстаздардың бірегейі, қырық жыл уақытын аудандағы білім беру саласына арнаған, оның 22 жылы №1 Бадамша орта мектебінде директордың оқу ісінің меңгерушісі болып бастап, кейіннен ұзақ жылдар мектеп директоры болған Найля Қожақова. Жақында зейнет жасына толған ұстазды ұжымы құттықтап, құрмет көрсетті.
Найля Сәрсенғалиқызы еңбек жолын жас жеткіншектерді тәрбиелеуден бастаған. Ол жетекшілік еткен №1 Бадамша орта мектебі — кезінде қаржылай сыйлық пен автомашинаға ие болған облыстағы санаулы үздік мектептердің бірі. Талай түлегі мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Ұстаздың мерейін асыратын шәкірті десек, мерейлі жастың иесі — мерейі асқан, еңбегі бағаланған ұстаздардың бірі. Атап айтсақ, Найля Сәрсенғалиқызы — «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері. Сондай-ақ «Шапағат», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» төсбелгілері де бар.
Ұстаз мерейін асыруға асыққан аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова, ардагер ұстаз Ақкенже Байсеупова, аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Байменшина құттықтау тілектерін жеткізіп, зейнет жасына абыроймен жетуіне зор құрметтің белгісіндей, Найля Сәрсенғалиқызының иығына қамзол жауып, гүл шоқтарын сыйға тартты. Өз кезегінде мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшелері Айжарық Сибағатов және Мадина Алмағамбетова ұстазды құттықтады. Ал, аудандық газеттің бас редакторы Камшат Байханова бұдан көп жыл бұрын «Колосок» пионер лагерінде кеш иесімен бірге жұмыс жасағанын, Найля Сәрсенғалиқызының кешкі алау (костёр) басында пионерлермен ән салған жастық шағын еске сала әңгімелеп, шынайы лебізін білдіріп, сол бір кездің естелігіндей әнін де шырқап берді.
Шара соңында аудандағы қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы, ауылына сыйлы, қадірлі ұстаз Найля Сәрсенғалиқызы әріптестері мен ауылдастарының өзіне деген құрметі мен ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.
Қарғалы-ақпарат.