Ұрпаққа аманат

Осындай тақырыппен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай әскери-патриоттық кездесу өтті. Іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Мақсат — жастардың бойында патриоттық сезім мен рухани тәрбиені қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу, буллинг пен лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру.
Кездесуге қалалық мәслихат депутаты Абай Сақтағанов, №51-мектеп гимназиясының әскери даярлық сыныбының оқытушысы Бағдат Жұмағанбетов және Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының капитаны Сансызбай Көшмұхамбетов қатысты. Олар жастарды патриот болуға шақырды.
— Қазіргі таңда әскерге барған жастарға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген жастың жоғары оқу орнына тегін түсуіне мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, несиесі болса, 14 айға дейін уақытша тоқтатылады. Жалпы, бұрынғыдай емес, қазір жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасы зор. Өз еріктерімен сұранып келіп жатқандар көп. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша Ақтөбе қаласында бір жыл әскери борышын өтеуге болады, — деді Сансызбай Көшмұхамбетов.
Жиынға колледждің 100-ге тарта оқушысы қатысты. Өз кезегінде жастар сұрақтарын қойды.
К.ҚОПАЕВА.