Ұлыстың ұлық мерекесі

Биылғы Құрбан айт қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келіп, халқымыз бұл күнді жақсылықтың, берекенің, татулық пен бірліктің нышанына балап, аудан тұрғындары да ерекше сән-салтанатпен атап өтті.

                               

                               

Ұлық мерекені ұлықтаған аудан жұртшылығы «Ас-Самиғ» мешітіне жиналып, таңғы айт намазына қатысып, мерекелік іс-шараның куәсі болды. Мешіттің бас имамы жамағатқа айт мерекесінің мән-маңызын тереңінен түсіндіріп, жұртшылыққа тағылымды уағызын арнады. Таңғы намаздан соң жамағат бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, мереке думаны басталып кетті.

Жамағатты құттықтаған мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев көпшілікке ізгі тілектерін білдіріп, мерекелік шара ұлттық спорттық сайыстармен жалғасты. Ауылдың жалынды жастары мен жігерлі азаматтары қазақша күрес, қол күресі және гір көтеру сынды спорт түрлерінен сынға түсті.

Нәтижесінде, қазақша күрес бойынша 1-орынды – Нұрлан Мейрамбаев, 2-орынды – Польтер Ильяр, 3-орынды – Қаһарман Тасболат иеленді.  Қол күрестен 1-орынды – Ақжол Қарақұлов, 2-орынды – Умиджан Абдукаримов еншілесе, ал гір көтеруден 1-орын – Сұлтанбек Жолдасовқа, 2-орын – Ердәулет Пахриденовке, 3-орын – Ақжол Қарақұловқа бұйырды.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және мерекелік сый-сияпаттармен марапатталды. Мешіт алдында өткен бұл рухани-мәдени шараға қатысқан жұртшылық ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

Айтулы мереке ауданның басқа да ауыл-аймақтарында кең көлемде атап өтіліп, игі істермен толықты. Қайырымды азаматтар тарапынан 15 бас ірі қара мен 37 бас ұсақ мал құрбандыққа шалынды. Құрбан еті көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарияларға таратылып, жалпы 155 отбасы қуанышқа бөленді.

Үш күнге жалғасқан Құрбан айт мерекесі көрші-қолаң, ағайын-туыстың араласуына, көңіл-күйдің көтерілуіне себеп болып, ел жадында жылылықпен сақталары сөзсіз.

Бақыт ИМАШЕВ