ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында облысымыздағы «Сарқыт» мейрамханасында Ақтөбе қаласы мен аудан өкілдерінің қатысуымен «Береке» ұлттық тағамдар гастрономиялық көрмесі өтті.

Көрменің мақсаты – ұлттық қазақ тағамдарын дәріптеу, мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі рецепттер мен аспаздық дағдыларды жас ұрпаққа беру, облыс аудандары арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту.

Мейрамханада аудандардың әрқайсысына дәстүрлі тағамдарды көрсету үшін бөлек алаңдар бөлініп, әр ауданның бірегей тағамдарының тарихи шығу тегіне ерекше назар аударылды.

Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан бастаған топ мүшелері барлық аудан өкілдері дайындап әкелген дастарқандағы ұлттық тағамдар көрмесін аралап, дәм татып, тағамдардың шығу тегі, қолданылған рецепттер мен пісіру әдістерімен танысты.

Ұлттық тағамдар көрмесіне біздің ауданымыздың да өкілдері ерекше дайындықпен барып, нәтижесінде  ата-бабадан қалған асыл мұраны жаңғыртып, оны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы іс шараға үлес қосқаны үшін «Үздік аймақтық рецепт» номинациясын иеленіп, облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырханның Алғыс хатымен марапатталды.

 Жұлдыз КЕНЖЕ