ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

1992 жылдың 4 маусымында қабылданған Мемлекеттік рәміздерге биыл 33 жыл толып отыр. Атаулы мерекеге орай аудан орталығындағы орталық саябақта «Рәміздер – ұлт айнасы» атты салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме-ұйым басшылары мен қызметкерлері, жастар мен оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.

Саябақ алаңында өткен іс-шарада ең алдымен мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, әрбір қазақстандықтың биік рухы, асқақ үніне айналған Әнұран шырқалды.

 

Жиын барысында аудан басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы  екенін атап өтті.

–Құрметті қарғалылықтар, Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Олай болса, мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болу үшін біз өз елімізді, туған жеріміз бен Отанымызды ардақ тұтуымыз қажет. Оның ең алғашқы қадамы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады,-деді аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев.

                       

Мерекеге орай ұлт денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Бадамша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен жүгіруден марафон жарысы өтті. Ауқымды шараға әртүрлі жас ерекшелігіндегі тұрғындар белсене қатысып, өздерінің спортқа деген қызығушылығын көрсетті.

Жарыс нәтижесінде ерекше номинациялар иегерлері анықталды. Ерлер арасында «Ең қарт қатысушы» аталымын Жұбаныш Курманбаев жеңіп алса, әйелдер арасындағы осы аталым Ляззат Мукановаға бұйырды. Қыз балалар арасындағы «Ең жас қатысушы» – Анастасия Томчук, ал ер балалар арасында бұл мәртебе Арсен Эймазовқа берілді. Сондай-ақ, марафонға қатысып, дәл осы айтулы күні дүниеге келген Мирас Сұлтанкерей де көпшіліктің ықыласына бөленіп, арнайы құрметке ие болды.

Жеңімпаздарды аудан әкімі салтанатты түрде марапаттап, оларға медальдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтарын табыс етті.

Жиын соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА