Ұлттық ерекшелігімізді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,
ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің төрағасы,
облыстық мәслихат депутаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында ел бірлігі, экология және тарихи жады туралы терең әрі маңызды ой айтты. Бұл — жай ғана саяси мәлімдеме емес, ел болашағына бағытталған нақты бағдар.
Сондай-ақ Ел Президенті елімізде этностық, тілдік немесе діни кемсітушілікке жол берілмейтінін атап өтті. Бұл — біздің күнделікті өмірімізде көрініс тапқан шындық. Қазақстанның бірегей үлгісі — әртүрлілікті теңдікпен ұштастыра отырып, ортақ құндылықтарды қалыптастыру. Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас құралына айналуы — әділетті қоғамның кепілі.
Сол сияқты Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы — тек экологиялық емес, рухани тазалықтың да көрінісі. Қазір елімізде, оның ішінде облысымызда осы акция аясында түрлі тазалық шаралары өткізілуде. Меніңше, бұл — елін сүйетін жаңа ұрпақты тәрбиелеудің шынайы үлгісі.
Сондай-ақ Ұлы Жеңіс туралы айтылған сөздер терең тебіреніспен айтылды. Батырлардың есімін ұлықтау — тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, өткенге тағзым және болашаққа бағдар.
Ассамблея — халық пен мемлекетті байланыстыратын маңызды институт. Бүгінгі сессия бірлік, тазалық пен жады секілді құндылықтардың маңызын тағы да айқындады. Болашақ осы негізде қалыптасады.
Және тағы бір айта кетер жайт, бүгінгі сессияда маған өзге ұлт өкілдері арасында сөз сөйлеген жас ғалым, «Ядролық физика институты» РМК Астана филиалының директоры, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Максим Здоровецтің елімізде ғылым саласын дамытуға, оны қолдауға ерекше көңіл бөлінуі керектігі жайлы ұсынысы ұнады. Қарапайым отбасынан шыққан жас ғалым Қазақстанда геофизика саласына өзгерістер енгізуге мүмкіндік мол екенін айтты.
Ғылымы дамыған мемлекеттің экономикасы да, мәдениеті де қарыштап дамитыны белгілі.
Сондықтан ел болашағы — жастардың ғылымды дамытуға үлес қосуына жағдай жасауға тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірімізде де қолға алынуы керек.
Қорыта айтсақ, қазір әлемнің түрлі елдерінде бірліктің орнына алаң мен сенімсіздік белең алған тұста Қазақстан диалог пен өзара құрметке негізделген жолды таңдады. Бұл — біздің үлкен жетістігіміз. Енді осы құндылығымызды сақтауымыз керек. Қамқорлық, мейірімділік, және тілеулестік — біздің ұлттық ерекшелігіміз. Алдағы уақытта осы ерекшеліктерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек.