Үлгілі отбасы – ел мерейі

Танынбаевтар әулеті

Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Оның себебі, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Ал, осы орайда сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.

         Сондай ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен көпке үлгілі болған,  шаттығы тасыған отбасылардың бірі – Танынбаевтар әулеті.

         Қарты бардың қазынасы бар деген аталы сөз текке айтылмаса керек.  Осындай жандардың бірі Серік пен Ляйля Танынбаевтар. Ер мінезді, сөзі мен ісі нық азамат, отбасының қорғаны Серік 1958 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген. 1973 жылы Ащылысайдағы 8 сыныптық  мектепті бітіріп, 1973-1976 жылдар аралығында Әлімбеттегі орта кәсіптік техникалық училищесінде «тракторшы» мамандығы бойынша оқиды.

Одан соң 1976 жылы Ақтөбе облысы Ленин ауданы Григорьевка ауылындағы «Передовик» колхозында алғашқы  еңбек жолын бастайды. Сол жылдың қарашасынан 1978 жылдың қарашасына дейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етеді. 1978-1987 жылдары «Передовик» колхозында тракторшы болып жұмыс істейді. Қызмет барысындағы  жоғары көрсеткіштері мен адал еңбегі үшін бірнеше рет марапатталған. 1988 жылғы сәуір мен қазан аралығында Чернобыль атом электр станциясындағы (ЧАЭС) апаттың салдарын жоюға қатысқан.  2005-2021 жылдары «Степное» ЖШС-де күзетші болып қызмет жасаған. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап зейнеткерлік демалыста.

Ал жұбайы шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Ляйля анамыз 1960 жылы 23 қыркүйекте дүниеге келген. Өмірлік жарымен отбасы  құрғандарына 44 жыл. Отбасы – жеке құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Ынтымағы жарасқан бұл отбасыда 3 бала өмірге келген. Сол үш баладан мәуелі бәйтеректей жапырақтары жайқалып 9 немере сүйіп отыр.

Отбасының тұңғышы қызы Динара қазіргі таңда дүкенде сатушы болып қызмет жасайды. Жолдасы «Степное» ЖШС-де күзетшілік қызметте.  Екеуі отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр.

Отбасының ортаншы қызы Гулнара Ащылысай орта мектеп– балабақшасында,  ал оның жолдасы Арман вахталық әдіспен электрик болып жұмыс жасайды. Олардың отбасында  4 бала, яғни үш қыз бен бір ұл өсіп келеді.

Танынбаевтар отбасының ең кенжесі – Булат. Ол 1985 жылы дүниеге келген. Жұбайы Анна екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Булат өз алдына жеке кәсіп иесі. Ал жары Анна Ащылысай ауылдық округі әкімшілігінде есепші болып еңбек етіп келеді.

Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Сондай-ақ, ашық жарқын,  қарапайым отбасы татулығымен, сыпайылығымен, еңбекқорлығымен ауыл тұрғындарына мәлім.

Осы  орайда айта кету керек, елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпке үлгі болып жүрген отбасылар баршылық. Осындай үлгілі жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Біз сөз етіп отырған  Танынбаевтар отбасы да  аталмыш байқаудың қатысушылары. Күні кеше бұл отбасы Конституция күніне орай «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысқаны үшін арнайы Алғыс хатпен және де қомақты қаржылай сертификатпен марапатталды. Бұл жетістік те берекелі отбасының мерейі. Сондықтан да, мемлекетіміз мұндай жарасымды да көпке үлгі отбасыларға қолдау білдіріп келеді.

Сөз соңында айтпағымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», демекші отбасы құндылығында бала тәрбиесінің маңызы зор. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Ендеше, осындай ауыз толтырып айтатындай отбасыларымыздың ауданымызда көптігі көңіл қуантады.

Олай болса, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, келешек жас ұрпаққа, шаңырағын енді  көтеріп жатырған отбасыға үлгі ете алсақ, біздің де еңбегіміздің еш кетпегені.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.