Үлгілі әке, ел ағасы

Әр өңірде еңбекпен қатар  көп балаға қамқор болып, өнеге үлгісімен ұрпақты қанаттандырып, қатарға қосып келе жатқан  әкелер біздің аудан да баршылық.

Біздің әңгімемізге арқау болған өнегелі әкелердің бірі — Степной ауылына қоныс аударып, құтты қоныс деп жастарға ақылшы бола білген  көргені мол, ел ағасы — Серік Калиф.

Серік  Наукенұлы 1947 жылыдың наурыз айында ежелгі көршіміз Ресейдің Орск қаласында дүниеге келген. Әкесі Наукен мен анасы Балбикенің тұла бойы тұңғыштары, яғни отбасындағы 9 баланың үлкені. Ата-анасы жұмыста болғандықтан әрі қазақта тұңғыш бала ата-әженің бауырында өсуі керек деген жазылмаған заңның аясында ата-әженің тәрбиесін көріп өскен азамат.

Әке-шешесі зейнет жасқа жеткенше, Орск қаласындағы мұнай өңдейтін  «Синтезспирт» заводында еңбек етсе, өзі де 1966 жылы токарь мамандығын оқып, қырым аумағында әскери міндетін өтеп келгеннен кейін, ата-анасы еңбек еткен заводқа токарь болып орналасады. 1969 жылы аты Зоя демесек, қазақ қызымен отау құрады. Көп ұзамай 1969 жылдың жетоқсан айында Бақыт пен Рысты есімді егіз қыз дүниеге келеді. Айтса айтқандай, екі қасиетті есімді иеленген қос қыз бүгінде береке бірлікте күндерін өткізіп жатқан жарасымды отбасы.

1970-1971 жылдары Саратов облысынан сол кездегі мәртебелі мамандықтың бірі киномеханик мамандығын оқып келген азамат, сол жылы бабалары мекен еткен қазақ жері, соның ішінде Хромтау қаласына қоныс аударады. Келген сәттен бастап 1971-1974 жылдар аралығында Хромтау аудандық мәдениет бөліміне қарасты мекемеде киномеханик қызметін атқарады. Зайыбы Зоя сол кездегі аталмыш аудандағы партия ұйымында хатшылық қызметте болады. Сол уақыттары отбасына Мария мен Руслан есімді ұл мен қыз дүниеге келеді. Ауылға барып шаруамен айналысуды ұйғарған отбасы 1974 жылы қазіргі өсіп өнген Степной ауылына қоныс аударып, ауылға қажет мамандықтың бірі токарлық қызметіне кірісіп, 1980 жылға дейін еңбек етеді. Сол ауылда Бекзада мен Арыстан дүниеге келеді. Қазіргі күні Серік ақсақал, ең кенжесі Арыстанмен бірге тұрып жатыр.

1980-1983 жылдары аралығында ағамыз Степной ауылдық округінің хатшылық қызметін де атқарған көзі ашық, саналы азаматтардың бірі. Көп балалы әке ауылда маман тапшылығына байланысты соңғы уақыттарда  1983 жылдан бастап «Степное» ЖШС автокөлік жүргізушісі, бригадир көмекшісі, бір сөзбен айтқанда, қандайда жұмыстың қиюын қиыстыратын азамат. Зейнеткерлік жасына дейін әр салада еңбек етсе, зайыбы Зоя да үбірлі-шүбірлі балаларына қарамастан «Степное» ЖШС-де ұзақ жылдар хатшылық қызмет атқарған. 6 баланы жеткізген ата-ана жарасымды жұп, 44 жыл отау құрып тату-тәтті ғұмыр кешкен үлгілі отбасы. Ауылға сыйлы, көпшіл отбасы еңбекте де  тең  жүріп, елге танылды. Дегенмен де, өмір әттегенайсыз бола ма? Балалары ер жетіп, аяққа тұра бастағанда аналары Зоя 2013 жылы дүниеден өтіп, азаматы Серікке де оңай болған жоқ. Жігерлі азамат балаларын жеткізіп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Қыз өріс дегендей, өрісі кеңейді.

Бүгінгі таңда кейіпкеріміз зейнет жасына жетіп, қарттыққа табан тіреген шақта да бос қарап отырған жоқ. Ауыл тұрғындарына ақылшы, әлі де қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылады. 2017 жылдан бері Степной ауылдық  округі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Түсінген адамға ауыл-аймақта төрелік етер жанның жауапкершілігі жетерлік.

Бір сөзбен айтқанда, аттан түспеген Серік Наукенұлы еліне сыйлы, ақылгөй абыз ақсақалдардың бірі. Әлі де тың ел ағасы жасы келсе де жауапты жұмыстардың бірі «Степное» ЖШС-де «Күзет» бөлімінің  жетекшісі. Осыдан-ақ, 80 жасқа таяған қартыңның шымырлығын байқай беріңіз. Әлі де сапта жүрген ел ағасы үй шаруасын да шыр айналдырып, тыным таппаса, ауыл жастарына ақылын айтып, жөн сілтеуден де кенде емес.

Әр жылғы еңбегіне қарай марапаттары да баршылық. Бүгінде 6 баланың ардақты ақыл айтар әкесі, жапырағын жайған 16 немере мен 9 шөберенің   және де немере жиендерінің сүйікті атасы.

Ендеше, осындай арамыздағы көп баланы саналы азамат етіп тәрбиелеген, көпті көрген абыз қарияларымыз  аман-есен болсын!

Бақыт ИМАШЕВ