ТЫЛДА ТЫНБАЙ ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР

Миллиондаған адамдардың тағдырын тәлкек етіп,балаларды жетім, аналарды жесір атандырған, 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр.
Арамызда отқа оранып жаумен бетпе-бет шайқасқандардың саны саусақпен санардай-ақ қалса, жеңісті жақындатуға барын салған тыл еңбеккерлерінің де қатары азайып барады…
Ел басына күн туған шақта туған жері мен отанын қорғап, келешек ұрпақ үшін жанын қиған хас батырларымыз көзсіз ерліктер жасап, тарих бетіне есімдерін алтын әріппен жазып кетті.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі мен қосқан үлесі аз емес. Олар майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалады.
Сондай жанқиярлық еңбекті елеген үкіметіміз 1940-1945 жылдар аралығында 6 ай еңбек еткендерді «Тыл еңбеккерлері» деп атау жөнінде ұсыныс білдірді. Ондағы мақсат соғыс зардабын көрген жас буынның еңбегін кейінгілерге үлгі ету көзделген. Алайда, сұм соғыстың зардабын, қайғы-қасіретін жазып та, айтып та тауысу мүмкін емес.
Қазіргі жаһандану заманының балаларына өткен ҰОС кезіндегі Отан үшін кеудесін оққа тосқандар мен 4-5 жастағы бүлдіршіндердің тылда үлкендер мен бірге шаруаға араласқандары жайында айтсаң, құдды бір сонау бұдан бірнеше ғасырдағы «Ер Төстік», «Алпамыс» т.б. қазақ ертегілерінің кейіпкерлері секілді оқиғаларды елестетері сөзсіз. Десе де бұл адамзат тарихында орны толмас қайғы-қасірет әкелген зұлмат жылдар, тарихи оқиғалар. Қалай десек те тарихқа таңба болған ҰОС-ның зардабы таусылмайтын тағылымы мол әңгіме…
Расында, тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді. Бір әттеген-ай дейтініміз, майдан даласында жан алысып, жан беріскен сұрапылдан аман қайтқан ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқандығы көңілімізге мұң ұялатады.
Соңғы мәліметке сүйенсек, біздің ауданымыздағы тыл еңбеккерлерінің саны – 61. Біз де жылдағы дәстүрімізге сәйкес мереке алдында ортамызда жүрген ардагерлерімізбен тілдесіп, әңгімелескен едік.
Бақыт ИМАШЕВ