ТҰЗДЫ ЕМДЕУ БӨЛМЕСІ АШЫЛДЫ

 Мемлекетіміздің кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударып, жеке кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасап, қолдау көрсетуінің нәтижесінде облыс орталықтарымен қатар, ауылдарда да кәсіппен айналысуға ниетті тұрғындар саны артып, кәсіпкерлік нысандарының көбейіп жатқаны қуантады.

         Осы орайда өткен аптада ауданымызда алғаш рет тұзды ем бөлмесі ашылып,  қазіргі кезде тұрғындарға өз қызметтерін көрсетуде. Адам денсаулығын жақсартуға ар­налған кәсіптің ашылуында болып, жаңа нысанның жай-күйімен танысып қайтқан едік.

Әйтеке би көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйден  «Тұзды ем» бөлмесін ашқан отбасылық кәсіп иелері Жансерік Кабаев пен Азиза Таджиева.

Қоғамға қажетті кәсіптің тетігін тапқан отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, нәтижесінде жеңілдетілген пайызбен 4,5 млн теңге несие алып, кәсібін ашып отыр.

                                 

Тұзды бөлменің жалпы аумағы 9,5 шаршы метр, сыйымдылығы 10-15 адамға арналған. Кәсіп иелері бұл бөлмені жалға алып отыр. Арнайы бөлменің қабырғасы тұзбен қапталып, еденге де тұздың көп мөлшері  төселген. Сондай-ақ, бөлмедегі тұз емдік мақсатындағы арнайы тұз. Емдік бөлменің негізін қабырғаға қондырылған құрылғы құрайды. Құрғақ тұзды аэромед галогенератор көмегімен жіберілетін ауа тамшылары арқылы емделушінің тыныс органдарынан бастап бактериялар жойылып, жаңару процестері жүреді.

Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен және де кішкене бүлдіршіндер үшін  ойыншықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, бөлме ішінде барлық гигиеналық талаптар сақталған. Тұрғындар денсаулықтарын нығайту мақсатында ем алады.

-Шындығында қазіргі кезде ауа да таза емес. Соның салдарынан көптеген аурулар пайда болуда. Біз де отбасымызда 3 бала тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Сондықтан да балаларымыздың денсаулығы алаңдатады. Кәсіп ашар сәтте жоспар құрып, немен айналысу керек екендігін біраз зерттедік. Осылайша, табиғи емдік мақсатында осы тұзды бөлмені ашуға бел будық. Ең алдымен кәсібіміздің өзімізбен қатар ауыл тұрғындарына да пайдалы болуын ойладық. Өйткені, қарапайым тұздың қаншама пайдасы бар. Ол бронхит, жүрек аурулары, невроз, демікпе және аллергия сынды ауруларға мың шипа. Сондай-ақ тыныс жолдарын микробтардан қорғайды. Сонымен қатар, антибиотиктерді қабылдап, иммунитеті әлсіреген жандарға да көмегі көп. Ешқандай дәрі-дәрмексіз табиғи ем-домды осы жерден алуға болады. Әрі ауылымыздың тұрғындары енді қалаға жүгірмей-ақ, ауылдан қолжетімді бағада ем алуға мүмкіндік жасап отырмыз,-дейді кәсіп иелері.

Расында, тұзбен емдеу әдісі мен қасиеті қазақы болмысымызда бұрыннан бар.  «Астың дәмін тұз келтіреді» деген халқымыз тұздың денсаулыққа пайдалы қасиетін ертеден-ақ байқаған. Көне көз қариялардың «Тұзды иығыңнан үш рет асырып сермесең, барлық аурулар мен жамандықтан аулақ боласың» деуі де жайдан жай емес болар.

Бір қызығы тұзды бөлмедежиі болатын адамдарбронхит, жүрек аурулары, невроз, демікпе және аллергия сияқты аурулардан айығады. Сондықтан да, тұзды бөлменің пайдасы орасан зор. Ол ағзадағы зат алмасуды жақсартады, созылмалы бронхит және бронх демікпесін емдейді, ағзаның әртүрлі ауруларға қарсы  тұратын иммунитетін көтереді, тез арада стресс, неврозды емдейді, шаршағанды басады, түрлі аллергиядан айықтырады, тері ауруларына ем болады.

Олай болса, мұндағы емдік қызметтерді алу ересектер үшін – 1000 теңге, балаларға – 700 теңге. Бұл – негізгі бағасы. Кәсіп иелері алдағы уақытта зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға жеңілдіктер қарастырылатынын айтты. Тұзды бөлме ауыл тұрғындары үшін таңертеңгі 10:00-ден  кешкі 21:00-ге дейін жұмыс жасайды.

Кәсіп иелері болашақта бұл жобаны одан әрі қарай да дамытқысы келетіндерін сөзге тиек етті. Өйткені, адам үшін өмір мен денсаулықтан артық құндылық жоқ. Сондықтан да, бастаған кәсібіміз дертіне шипа іздегендерге пайдалы болса, кәсіпкер ретінде мақсатымыздың орындалғаны дейді,- олар.

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп демекші, олар қазіргі қоғамда бір ғана қызметке қарап отырмай, еңбек етіп, кәсіп жасаймын деген адамға  мүмкіндіктің көп екенін айтады. Онымен қоса бір-бірін қолдап, ойларының бір жерден шығуының арқасында кәсіптерін бастап отыр. Сондай-ақ, отбасылық кәсіптеріне олардың ата-аналары мен бауырлары да демеу беруде.

Расында, бастаған істі жан дүниеңмен атқара білгенге табыс өзі келеді. Себебі, еңбекке ұмтылудың өзі өмірдің өзегі мен бақыттың кілті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА