Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді

Жалпы қоғамда нәзік жандылардың орны ерекше. Шаңырақ шаттығы саналатын әйел адамдарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мемлекеттің басты назарында. Десе де,  бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы мәселеге қатысты  заңға өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік те күшейтілді.

            Өйткені, әрбір отбасында әйелдің рөлі айшықталып, оларға айрықша жағдай жасалуы тиіс. Кез-келген уақытта әйелдің құқығы шектелмеуін қамтамасыз ету керектігін ескерген жөн. Түрлі сипатта өзге біреуден жәбір көретін олардың еркін өмір сүруіне қолайлы орта жасай отырып, бойындағы ауыртпалықты аз-кем болса да арылта аламыз.

            Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда:

– 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырылды. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтініш беруінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді.

Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша хаттама толтыруға куәлардың айғақтары, бейне бақылау камералар мен бейне тіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды.

– Сондай-ақ, тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Себебі, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтатылады. Бұндай жағдайлар көбіне агрессордың қысымымен орын алады. Енді 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласу мүмкін болады. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқатуға мүмкіндік берді.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік қамауға алынудың нақты мерзімі анықталды және ұлғайды.

Және де 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру (ҚК 106-быбы, ҚК 107-бабы) баптарына «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуіелділікті адамға қатысты іс-әрекет жасау» белгісі енгізілді. Бұл қылмыскерді оқшалау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Осы орайда аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Ардақ Зарлықовадан ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстар жайында сұрап білген едік.

-Аудандық жергілікті полиция қызметіне қарасты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы әйелдердің жағдайын жақсарту мақсатында аудан әйелдерінің отбасылық жағдайы, психологиялық-экономикалық, өмірге деген көзқарасы, өмірге деген ынтасын, қоғамдық белсенділігін арттыру және олардың азаматтық құқығын, ар-намысын қорғау мақсатында біршама нақты жұмыстар атқарып келеміз. Бұл мәселелерге қатысты жұмыстар әрқашан біздің басты назарымызда. Сондай-ақ, 2023 жылдың 8 айында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін  аудан бойынша 55 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша да профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда 2023 жылдың 8 айында аудан бойынша профилактикалық есепке 75 адам «қорғау нұсқамасы» және 49 адам «ерекше талап» дерегімен алынып, профилактикалық жұмыстар және отбасын тексеру барысында, құқық бұзушылықтар анықтап, іс-құжаттар бойынша аудандық сотымен әкімшілік жаза қолданды. Оған қоса жыл басынан бері «Есепте тұрғандар», «Отбасы» және «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыз» атты жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді және алдағы уақытта да қолға алына бермек,-дейді  Ардақ Зарлықова.

Қорыта айтқанда, біз мына нәрсені ұмытпауымыз керек. Әйелдер мен балалар отбасының ең әлсіз мүшелері болғанымен, олар жанұяның негізгі құраушылары. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Сондықтан да, қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқық бұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.