ТҰРҒЫНДАР ТІКЕЛЕЙ САУАЛ ЖОЛДАП, ТИІСТІ ЖАУАП АЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі бұған дейін барлық ауданға қарасты ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесіп, халықтың талап-тілегін тыңдады.
Осы орайда өткен аптада тұрғындармен кездесу кестесі мәдениет үйінде қорытындыланып, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдин аудан орталығындағы тұрғындармен кездесіп, ауданымыздың дамуы мен өркендеу жолында жүзеге асырылған жұмыстарға есеп беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кезекті есеп беру жиналысын округ әкімі ашып, ең алдымен Бадамша ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның ішінде көшелер мен жолдарды қардан тазалау жұмыстары, көктем мезгіліндегі су тасқынының алдын алу мақсатындағы ауқымды іс-шаралар, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы, абаттандыру, көшелер қиылысындағы арықтарды жаңарту, жарықтандыру, т.б. көптеген мәселелердің жүзеге асырылғанын және де тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстардың да кезегімен шешім тауып келе жатқандығын атап айтты.
Одан соң аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында баяндап, сөз барысында ел Президентінің өңірлерді газдандыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының жүзеге асырылып келе жатқандығын тілге тиек етті.
-Ауданымыздағы 15 елді мекеннің 14-і ауыз сумен қамтамасыз етілген, яғни, тұрғындардың 98,8 % сапалы ауыз су тұтынып отыр. 12 елді мекен орталықтандырылған ауыз су пайдаланады. Халық саны 200 адамнан төмен 2 ауылда Бозтөбе мен Велиховта кешенді блок-модульді су тазарту станциясы бар. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 454 тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, аудан әкімі 11 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынды пайдаланып отыр. Тұрғындарды газбен жабдықтау көрсеткіші 95 пайызды құраса, биыл Велихов ауылын газдандыру үшін облыстық бюджеттен 50,1 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Жобаның аяқталуы келер жылға жоспарланған,-деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудандық маңызы бар 3 жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Ащылысай және Әлімбет ауылдық округтеріндегі жолдар жөнделіп, асфальт төселді. Жалпы бұл жоба аясында 7 көшенің 10,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, жыл басынан бері ауданның ауыл шаруашылығы саласында 32 930,3 млн теңгенің өнімі өндірілген. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы құны 684,6 млн теңге болатын 115 жоба тапсырылып, 567,8 млн теңгеге 96 жоба қаржыландырылды. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен ешкі, құс саны да айтарлықтай артқан.
Оған қоса Қарғалы су қоймасында демалыс және ойын-сауық саябағын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның құны — 4,5 миллиард теңге. Қазіргі таңда екі қонақүй салынған. «Sametinternational» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келер жылы суда жүретін моторлы қайықтар, гидроциклдер секілді су көліктерін сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінде «Байқұла» шаруа қожалығына қарасты «Қасқыр сарқырамасы» аумағында экотуризмді дамыту жобасы қолға алынып жатыр. Бұл жоба 2021-2025 жылдар аралығында туризм индустриясын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Осылайша, кездесуде биылғы егін жинау науқаны, мал басын арттыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет, спорт салалары, туризмді дамыту, т.б. мәселелер айтылып, аудан әкімі алдағы жылы жүзеге асырылатын жоспарларымен де бөлісті.
Кездесу барысында жиынға қатысушы тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, мардымды жауаптар алды. Ауыл тұрғындары атынан жеке кәсіпкер Мадина Искакова көпшіліктің көкейінде жүрген жол мәселесі мен жаңадан бой түзеген өнер мектебі ғимаратының қашан пайдалануға берілетіндігі жайында сауалын жолдады. Бұл сұрақтарға аудан әкімі жауап қатып, өнер мектебіндегі құрылыс жұмыстарының толық аяқталғанын, қазіргі таңда құжаттарының жасалып жатқандығын айта келе, желтоқсан айында тұрғындар игілігіне берілетіндігін түсіндіріп берді. Одан соң жаңадан салынып жатырған жол мәселесінің де ұзаққа созылу себебін, халықпен басқосуда жауапты мердігердің өзі жауап беріп, себеп салдарын түсіндіре келе, жұмыс толықтай аяқталмаса да 6 желтоқсаннан бастап пайдалануға берілетіндігін айтты. Айта кету керек, жолға екі қабат асфальт төселінген, жұмыс толық аяқталмаса да тұрғындар қауіпсіздігі үшін қолданысқа берілмекші, алайда асфальттың үшінші қабатын төсеу жұмыстары алдағы жылы жалғасатын болады.
Ауыл тұрғындары кейбір көшелердегі жарық шамдарының жанбай тұрғанын, ауыз судың жиі тоқтап қалатындығын, көп қабатты тұрғын үйлердің аумағындағы ойын алаңдарының да талапқа сай келмейтіндігін, Бөгенбай батыр, Бекет ата көшелеріндегі жарық пен көшені асфальттау мәселелеріне қатысты сұрақтарын жаудырып, оған қоса пайдаланылмай қараусыз тұрған ғимараттардың ауыл ажарын кетіріп, реңін қашырып тұрғанын да айтты. Тұрғындар сауалдарына тиісті мекеме басшылары, яғни аудандық электр желілері бөлімінің басшысы Талғат Досмағанбетов, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айболат Мысаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегенов жауап беріп, мәселелердің не себепті орын алуы мен олардың қалай шешім табатындығын егжей-тегжей түсіндіріп берді. Және де алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларды да халыққа хабардар етті.
Бір айта кетерлігі, тұрғындардың сауалдары басшылар тарапынан жауапсыз қалмады. Аудан әкімі де нәтижелі жұмыспен қатар, шешімін күтіп тұрған мәселелердің барын жасырмады. Дегенмен де, оларды жыл сайын жоспарға қойғанымызбен, барлығының шешімі қомақты қаржыға келіп тірелетінін де тілге тиек етті. Сондықтан да, осы мәселелерді шешу жолында жұмыстанудамыз, бұл біздің басты міндетіміз дей келе, барлық жобалардың заң аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.
Тұрғындармен кездесу соңында ауыл ардагерлері аудан басшысы мен округ әкіміне жүзеге асырылған жұмыстарға деген ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақыттағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, маңызды мәселелер бойынша тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА