ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Өткен аптаның бейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде Бадамша ауылдық округінің тұрғындары аудан басшылығымен жүздесті. Кездесуге аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев арнайы қатысып, округ әкімі Ернар Дабилдин есептік баяндамасын ұсынды.

Жиынға барлық мекеме басшылары мен жауапты тұлғалар, ауыл ардагерлері мен тұрғындар келіп, округтің тыныс-тіршілігіне қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Ең алдымен Бадамша ауылдық округ әкімі Ернар Дабилдин 2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар мен қолға алынған шаралар туралы кеңінен баяндап, LED экран арқылы тұрғындарға нақты мәліметтерді ұсынды. Одан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, ауылдың өзекті мәселелерін тыңдау болды. Аудан әкімі мен округ басшысы тұрғындар талап-тілегіне ерік беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, толғандырған сауалдарына жауап берді. Ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған түйткілдерді ашық айтып, оларды шешу жолдарын сұрады.

Көтерілген мәселелер қатарында ауылішілік көшелерді асфальттау, көше жарығын орнату, электр желісіне қатысты трансформатор мәселесі, өткен жылдан бері аяқталмай тұрған арық жүйесін жөндеу, көпқабатты үйлердің жағдайы мен көктемде отырғызылған 2000 түп ағаштың суарылуы, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары салдарынан ауыл кіреберісіндегі үйлердің шаңға батуы сынды мәселелер бар. Тұрғындар тарапынан үнемі айтылып жүрген тазалық мәселесі де күн тәртібінен түспеді.

Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев көтерілген барлық мәселелерге бей-жай қарамай, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Әр сұраққа орай тиісті түсіндірмелер жасалып, орындалу мерзімі мен жолдары айтылды. Ең бастысы тұрғындардың ниеті мен алаңдаушылығы ескерусіз қалмады.

Кездесу соңында аудан әкімі әрбір тұрғынның көтерген мәселесі орынды әрі өзінің назарында екенін баса айтты. Сондай-ақ, қозғалған ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарына енгізілетінін және бірқатар мәселенің қомақты қаржыға тірелетінін де жасырмай, сол себепті де мұндай мәселелердің  кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.

Халықпен жүздесуден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың мәселелерін мұқият тыңдады. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ, айта кетерлігі, бұған дейін аудан басшысы барлық округтегі ауыл тұрғындарымен есепті кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған болатын.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерКездесу