ТҰРҒЫНДАР ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Денсаулық – басты байлық. Сондықтан да ұлт денсаулығын нығайту мәселесінде мемлекет те назардан қалдырған емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыруды денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауларында бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, басымдық беріп отыр. Осы тапсырмаларды орындау аясында біздің ауданымызда да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып келеді.
Расында өңіріміздегі тұрғындар денсаулығын нығайту ісінде аудандық орталық аурухана ұжымының атқарып отырған еңбегі мен жүйелі жұмысының маңызы зор.
Жылдағы үрдіс бойынша біз ауданымыздағы денсаулық сақтау саласының өткен жылда атқарылған қызметтері мен қол жеткізген жетістіктері және де алдағы жоспарларын білу мақсатында аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржановпен әңгімелескен едік.
-Берік Қуандықұлы, халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын басты орынға қойған. Сондай-ақ, «бірінші байлық – денсаулық» деп оны айрықша бағалаған. Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда ауданымызда өткен жылы атқарылған жұмыстар, ұжымдағы кадр сапасы, тұрғындарға көрсетілген медициналық қызметтер мен алдағы жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз?
-Иә, дұрыс айтасыз. Әлемде ешқашан өлмейтін, әркез даму үстінде жүріп отыратын мамандықтардың бірі – осы медицина саласы. Халық үшін ең маңызды сала болғандықтан біздің басты мақсатымыз — тұрғындарымыздың денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады.
Осы мақсатта аудандық аурухана қызметкерлерінің үлесі басым. Ал енді өткен 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсам, ең алдымен біздің аудандық аурухана аккредиттелген ұйым болып табылады. Аудан халқына 2024 жылдың қорытындысы бойынша медициналық көмекті денсаулық сақтау саласының 15 ұйымы, оның ішінді 1 аурухана, 1 амбулаторлық-емханалық ұйым, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт қызмет көрсетті.
Аудандық аурухана бойынша барлығы 168 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Оның ішінде 41-і дәрігерлер болса, 127-сі орта буын қызметкерлері. Статистикалық көрсеткіштер бойынша 10 мың аудан тұрғынына есептегенде, 2023 жылы – 25,8% құраса, 2024 жылы – 26,6% болса, яғни ол 0,8 % өсіп отыр. Аурухана бюджетінен резидентурада 2 бейінді маман: акушер-гинеколог және офтальмолог дәрігері білім алуда.
Осы орайда ұжымымызға жаңадан келген дәрігерлерге тоқталатын болсам, өткен жылдарға қарағанда 2024 жылы 4 дәрігер және 4 орта буын қызметкерлері жұмысқа алынды. Жастар практикасы арқылы 6 орта буын медицина қызметкері өтіп, оның екеуі тұрақты жұмысқа қабылданды. Оған қоса 4 студент бір айлық тәжірибеден өтсе, 9 қоғамдық қызметкер бір жылдық жұмысқа алынды. Сонымен қатар, 2024 жылдың қорытындысына сәйкес емхана және амбулатория дәрігерлерімен 135013 қабылдау және 5602 үйге шақыру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта аурухана бойынша стационар алмастырушы технологиялық үрдіс қарастырылуда. Тәуліктік стационардағы керует саны қысқартылып, керісінше, ауруханадағы күндізгі керует саны арттырылып отыр. Бұл өз кезегінде экономикалық жағынан тиімді, әрі тұрғындар үшін аса қолайлы. Аурухананың 55 керуеттік стационары екі қабатты ғимаратта орналасқан. Ол 6 бөлім (терапия, хирургия, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімі және перзентхана) қабылдау бөлімі және жедел жәрдем бекетінен тұрады.
Сондай-ақ, өткен 2024 жыл ішінде стационарлы емделген науқастар саны- 5183, оның ішінде тәуліктік стационарда-2099 науқас, күндізгі стационарда- 2858 (үй жағдайындағы стационар- 226) науқас ем алды. Ауруханада жоғары білікті мамандар жұмыс жасап, әр түрлі лапроскопиялық қиын, күрделі оталар өткізіледі. Науқастарға профилактикалық, әлеуметтік–психологиялық, кеңестік-диагностикалық және толық көлемде стационарлық медициналық көмек көрсетуде. Оған қоса, сәулелік диагностика, яғни, рентгенологиялық диагностика, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу, функционалды диагностикалық кабинеті, физиотерапевт, маммография және эндоскопиялық зерттеу кабинеттері аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді.
Аудандық аурухананың хирургия бөлімі, өз кезегінде науқастарға жалпы хирургия, травматология және ортопедия, гинекология салалары бойынша медициналық көмектерді көрсетеді. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінде 3 оташы (хирург), 3 анестезиолог – реаниматолог дәрігер қызмет етуде. Хирургия бөліміне келіп түскен науқастар–ұйқы безі, өт қабы, өт жолдары, асқазан жарасы, ұлтабар, қантамырлар, қол, аяқ-қол венасының түйілуі, буын аурулары мен өзге де сырқаттары бойынша ем ала алады. Шұғыл тәртіпте оперативтік емдеулер, соның ішінде, жіті аппендицит және холецистит, Лапроскопиялық аппендоэктомия және холецистоэктомия, перфоративті асқазан жарасында және он екі елі ішек кезінде – ойық жараны тігу, асқазан резекциясы. Жарақат кезінде – ішкі ағзалардың жарақатын тігу, спленэктомия жүргізіледі. Бөлімде құрсақ қуысы мүшесі аймағына жасалатын оталардан өзге шап жарығы бойынша ота, өт жолы зерттеуімен созылмалы және асқынған өт қабының қабыну оталары жүргізіледі.
Міне, осы бағытта біздің аурухана қызметкерлері адамдардың еңбек пен тұрмыс жағдайын жақсарту, аурулардың алдын — алу, халықтың дене және рухани күшінің жан-жақты дами беруіне қолайлы жағдайлар туғызу, халыққа тегін, жалпыға бірдей, жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуді мақсат етіп, жауапкершілікпен қызмет етіп келеді.
Атап айта кететін болсақ, «Кешегі күн, бүгін тарих дегендей…» сонау 1941 жылы қоныс аударушыларға медициналық қызмет көрсету мақсатында құрылған санитарлық бөлім бүгінгі күні — аудандық аурухана. Облыстағы ең үздік аудандық ауруханалардың бірі,- деп ауыз толтыра айта аламын. Елу жылда — ел жаңа дегендей, қазіргі Қарғалы аудандық ауруханасы медициналық — материалдық базасы, жабдықталуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі жағынан өзгелерге үлгі боларлықтай, аудан тұрғындарына мүлткісіз қызмет етіп келе жатырған медициналық мекеме.
Жалпы халықтың денсаулығының қалыпты болуы – жеке адамдардың ай сайынғы алатын еңбек ақысына, жұмыс уақытының ұзақтығына, еңбек және тұрмыс жағдайларына, дұрыс тамақтануына, денсаулық сақтау ісінің даму барысына, елдің жалпы санитарлық жағдайына тікелей байланысты екенін ескеретін болсақ, қазіргі аудандық аурухананың тұрғындардың денсаулық сақтау саласы үшін қосқан үлесін мақтанышпен айтуға болады.
Перзентхана бөлімінде, перзентханадағы әйелдер мен жаңа туылған балалар акушер-гинеколог дәрігерлер мен неонатолог дәрігердің бақылауында. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде 3 акушер – гинеколог қызмет көрсетуде. Ана қауіпсіздігі қағидалары бойынша барлық медицина қызметкерлері оқытылған. Жүкті әйелдерге бұл қағида психопрофилактикалық дайындық қосады. Сонымен қатар, туу палатасының жағдайы барынша үй жағдайына жақын жасалған. Онымен қоса, бір палата бір ғана жаңа туған әйелге арналған. Қазіргі уақытта перинаталды көмекті дамыту яғни, нығайтуға үлкен көңіл бөлінуде, босанатын әйелдерге дәрілік жәрдем беретін тиімді технологияды дамыту қолға алынған.
Ал терапия бөліміне әртүрлі терапиялық сырқаттар, бүйрек жетіспеушілігінен зардап шеккен науқастар мен жіті қан тамыр жүйесінің патологиясы бар науқастар жүгініп келеді. Неврологиялық керуеттерде ми–қан айналым бұзылыстары мен жүйке жүйесі ауруларымен ауырған науқастар ем қабылдайды. Аудандық аурухананың терапия бөлімінде 2 терапевт, невропатолог, эндокринолог, кардиолог мамандары қызмет көрсетуде.
Балалар бөлімі — мұнда ана мен баланың бірлесіп жатуына арналған палаталар бар. Балаларды емдеу барысында – заманауи диагностикалық әдістер, ішкі ағзалардың диагностикасы, зертханалық зерттеулердің барлық түрлері қолданылады. Аудандық аурухананың балалар бөлімінде 2 бала дәрігері қызмет етуде.
Тағы бір айта кетерлігі аудандық ауруханасында мамандандырылған амбулаториялы-емханалық, стационарлық медициналық көмек көрсетіледі. Ауруханада тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсететін 4 бригададан тұратын жедел медициналық көмек бөлімі жұмыс жасайды. Бөлім қажетті құрал-жабдықтар және дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Жедел жәрдемнің санитарлық автокөліктері қазіргі заманғы медициналық техникалармен жабдықталған. Жедел жәрдемнің фельдшерлері кардиологиялық және реанимациялық және шұғыл көмек көрсету бойынша жоғары деңгейде көмек көрсетеді. Барлық дәрігерлік амбулаториялар пен медициналық пункттер де жедел жәрдем автокөлігімен толық қамтамасыз етілген.
Ал енді ауылдық округтердегі денсаулық сақтау саласына тоқталатын болсам, Петропавл дәрігерлік амбулаториясына жаңа ғимарат сатып алынса, Әлімбет, Ш.Қалдаяқов, Ащылысай, Қосестек ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өткен. 2022 жылы Ащылысай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты газбен жылыту жүйесіне қосылды.
2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан тұрғындарын скринингтік тексеруден өткізу қолға алынған. Ауданның ересек тұрғындары қан айналым жүйесінің, қант диабеті, глаукома, тік және тоқ ішек обыры, жатыр мойнының қатерлі ісігі, сүт безі обыры, асқазан мен өңеш, бауыр обырына тексеруден өткізілуде. Оған қоса, балалар арасында да скринигтік тексеру мәселелері қолға алынған. Және де Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ұлттық иммундау күнтізбесіне» сәйкес 18 жасқа дейінгі балалар 11 жұқпалы дерттен екпе алуда.
2020 жылы аудандық аурухана аудандардың ішінде алғашқылардың бірі болып автобусқа негізделген “Yutong – zk6122H9” маркалы жылжымалы медициналық кешенін, соңғы 2 жылда 5 жедел медициналық көмек көрсету автокөлігі сатып алынды және 2022 жылы біздің ауруханамызға «JAC» реанимобильді автокөлігі берілді. 2024 жылдың қараша айында 1 УАЗ автокөлігі сатып алынды. Петропавл дәрігерлік амбулаториясына пайдалануға берілді.
Өткен 2024 жылға 5 медициналық жабдықтар сатып алынып орнатылды: 1.Бейнекольпоскоп. 2.СРАР жаңа туған нәрестелерге арналған аппарат. 3.Анестезиологиялық жұмыс станциясы (наркоз-тыныс алу аппараты). 4.Хирургиялық шамдар. 5.Электрокардиограф.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жылжымалы медициналық кешен аудан бойынша 23 елді мекенінде болып, 4084 адам тексеруден өткізілді. Тұрғындарға 4659 медициналық қызмет көрсетілсе, оның ішінде 133 адам диагностикалық аппараттарымен тексерулерден өтті, 3895 медициналық кеңес берілді, 631 қан, зәр және биохимиялық анализдер алынды. Бұл профилактикалық медициналық тексеріс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тағы бір айта кететін жайт, аурухананың ақпараттандыру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында, ресми сайттарында емделушілерге қажетті ақпараттар ұдайы жаңартылып отырылады. Сонын нәтижесінде, қағазбастылықтан құтылып, толықтай электронды жүйеге ауысқан. Тіпті, шалғайдағы ауылдарда орналасқан медициналық мекемелерге де интернет желілері тартылған. Осының нәтижесінде, науқас туралы мәліметті дер кезінде табуға және уақытылы көмек көрсетуге жол ашылған.
Нақтырақ айтар болсақ, «ДамуМед» ақпараттық қосымшасы арқылы тұрғындар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, дәрігер мен науқастың уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік беріп отыр. Осылай халыққа қызмет көрсетіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі Үкімет тарапынан бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: «Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына көп көңіл бөледі. Осыған орай 2023 жылы дәрігерлер жалақысы орташа есеппен 30 пайызға, орта медицина персоналы мен аурухананың басқа да қызметшілер (жүргізушілер,ұста және т.б.) жалақысы 20 пайызға өсті».
Жыл сайын медицина қызметкерлеріне Үкімет тарапынан және аудан әкімдігінен қолдау көрсетіліп келеді, жаңадан жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне біржолғы жәрдемақы мен үй алуына жеңілдетілген несие беріліп отыр, 2024 жылы 3 дәрігер және 3 орта буын медицина қызметкері жәрдемақы алды. Өткен 2024 жылдан бастап «AMANAT» партиясының ұсынысымен Заң жобасы қабылданып, ауылдық жерге жұмысқа келген медицина қызмекерлеріне ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бір реттік ақшалай төлем берілді.
Егемендігімізді алған уақыт ішінде медицина қай жағынан болсын дамып, өрлеу, өркендеу кезеңіне бет алып, материалдық, кадрлық, емдеу жағынан сапалық деңгейге көтерілу үстінде. Барлық орындалып жатқан жақсылық пен ашылып жатқан жаңалықтар да өңір тұрғындары, олардың игілігі үшін жасалуда. Денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды шешудің тиімді жолдарын әлемдік үздік тәжірибені пайдаланып және қазіргі жүйенің оңтайлы жақтарын сақтай отырып, іске асырылатынына кәміл сенеміз.
Ұжымның қол жеткізген жетістіктері аз емес. Осы орайда өткен жылға шолу жасап өтетін болсақ, 2024 жылдың 5 қыркүйегінде аудандық мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл-достық көпірі» фестивалі өтіп, нәтижесінде қатысушы 7 топтың ішінен аудандық аурухана бірінші орынды иеленді. Және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудандық мекемелердің қатысуымен «Бадамша мектеп–балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында әйелдер арасында волейболдан, ерлер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, белсенді ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып, «Үздік қақпашы» номинациясын аурухана қызметкері Александр Мусихин иеленіп, «Құрмет грамотасымен» және медалмен марапатталды. Сондай-ақ, аудандық аурухана ұжымы жылды нәтижелі аяқтап, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көшбасшысы» атты облыстық байқаудан жүлделі І орынға қол жеткізді. Нәтижесінде, аудандық аурухана үздіктер қатарынан көрініп, арнайы дипломмен және де кубокпен марапатталып, аудан мерейін үстем етті. Бұл нәтиже мен қол жеткізген жетістіктер — күн сайын өз пациенттерінің денсаулығына қамқорлық жасайтын, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартатын аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория және медициналық пункттердегі бірлескен ұжымымыздың еңбегі.
Жалпы өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтер үмітіміз бен жоспарларымыз мол. Солардың бірі — аудандық емхананың жанынан төрт қабатты ғимараттың салынуы. Осыған орай құжаттар дайындалып, жобалық – сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптама тапсыру жоспарлануда. Құрылыстың басталуы биыл, яғни 2025 жыл деп күтілуде. Тұрғындарды құлақтандыру мақсатында биыл мынадай жаңашылдықтар жүзеге аспақшы. 2025 жылдың басынан бастап медициналық анықтамалардың 8 түрі, оның ішінде еңбекке жарамсыздық парағы және еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама тек электрондық түрде берілетін болады. Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін, өздерімен бірге қағаз анықтамаларды алып жүру қажеттілігі болмай, олардың келісімімен электрондық анықтамалар талап бойынша белгілі бір мекемелерге берілетін болады. Осы қызметтерді электрондық форматқа көшіру үшін қазіргі уақытта «ДамуМед» АЖ арқылы ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал аудандық аурухана бойынша мына медициналық анықтамалар электрондық форматқа көшірілді:
— Еңбекке жарамсыздық парағы
— 075 / у «Медициналық анықтама»
— 026 / у «ДКК қорытындысы»
— 073 / у «КО басқаруға рұқсат туралы анықтама»
— 069 / у «Санаторий-курорттық карта»
— 052-2 / у «Баланың денсаулық паспорты»
— 076 / у «Қаруға рұқсат алу»
— 038 / у «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама».
EGOV mobile мобильді қосымшасында азаматтарға өздерінің жеке медициналық деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «eDensaulyq» бөлімі іске асырылғанын атап өткен жөн.
Денсаулық — тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Сондықтан да, аудандық аурухана қызметкерлері аудан тұрғындарына тәулік бойы сапалы медициналық көмек көрсетуге әрқашанда дайын.
Иә, расында денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда жасалып жатқан іс-шараларды тізбелемесек те, халық куә болған игі істер саны жетерлік. Бұл әрине нәтижелі жұмыстың жемісі.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі