Түлектерден тарту

Білім – ел болашағының тірегі, ұлттың ұлы құндылығы. Осы киелі орда – мектеп. Әрбір жас түлек үшін мектеп білім алып, тәрбие көрген орын ғана емес, жүректің бір бөлшегіне айналатын ұлы мекен. Осындай алтын ұядан үлкен өмірге жолдама алып шыққан түлектердің жүрегінде әрдайым мектебіне деген сағыныш, құрмет пен алғыс сезімі сақталады. Бұл сезім оларды уақыт өте келе ұстаздарына, мектебіне қайырым көрсетіп, естелік қалдыруға жетелейді. Соның жарқын дәлелі – Әлімбет орта мектеп- балабақшасының «Түлектен тарту» жобасы аясында жүзеге асқан игі істер. Түлектің тартуы-жүректен шыққан шынайы ықылас.
«Түлектен тарту» жобасы- білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттердің туған мектебіне алғыс білдіру, үлес қосу, кейінгі буынға өнеге қалдыру мақсатында іске асырылатын елдік мәні бар бір жоба. Бұл бастама арқылы мектеп қабырғасынан қанат қаққан азаматтар туған ұясына құрмет білдірумен қатар, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие ұсынады.
Әлімбет орта мектеп-балабақшасында аталған жобаның шеңберінде әр жылдардағы түлектер мектебіне сый жасап, өздерінің іздерін қалдырып келеді. Биылғы жылы осы жоба негізінде мектеп түлектері бұл игі дәстүрді жалғастырып, мектеп фойесіне аса маңызды және тәрбиелік мәні зор сый тарту етті. Олар – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін: Елтаңба, Ту және Гимн мәтіні бейнеленген көркем композицияны мектептің кіреберіс фойесіне орнатып берді.
Рәміз-елдіктің белгісі. Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның нышаны, елдігіміздің белгісі, ұлттық бірегейлігіміздің айғағы. Олардың әрқайсысы терең мағынаға ие әрі патриоттық рухты тәрбиелеудің қайнар көзі болып табылады.
Әлімбет орта мектеп-балабақшасының фойесінде орнатылған рәміздер жиынтығы ерекше көркемдікпен, ұлттық нақышпен безендірілген. Композицияда Қазақстан Республикасының Елтаңбасы алтын және көк түсті бояулармен өрнектеліп, айбарлы мемлекеттің сәулеті мен болмысын бейнелейді.Орталықта орналасқан Елтаңба – мектептің кіргеннен-ақ зейін қоятын рухани орталығына айналған. Тудың бейнесі де көз тартарлықтай биікке ілінген. Көгілдір көк аспан түсі-бейбітшіліктің, ашықтықтың, кеңдіктің символы. Ал, алтын күн мен қыран құс- елдің еркіндігін, биік рухын паш етеді. Ою-өрнекпен көмкерілген Тудың бейнесі ұлттық болмысымызды танытады. Гимннің мәтіні де арнайы жазылған. Бұл-жас ұрпақтың бойына елжандылық пен құрмет сезімін сіңіру.
Фойеге орнатылған мемелекеттік рәміздер-жай ғана көрнекілік емес, бұл-жас ұрпақтың бойына ұлттық сана, отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік сияқты қасиеттерді дарытатын тәрбие құралы. Мектептің кіреберісінде орналасуы олардың күнделікті назарда болуын қамтамасыз етеді. Әрбір оқушы мен ұстаз таңертең мектепке келген сайын осы рәміздерді көріп, жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімі оянады. Рәміздер тұрған фойе енді мектептің ресми іс-шараларын өткізетін алаңына айналды. Апталық сап түзеп, мемлекеттік Гимнді айту рәсімі дәл осы жерде өткізіледі. Бұл да өз кезегінде оқушылардың жауапкершілігін арттырып, рухани-патриоттық сезімдерін қалыптастырады.
Осы орайда мектебімізге осындай мәнді сый тартқан түлектерімізді атап өтсек, Нуржамал Танкаева, Серик Байсеупов, Қайрат Басбеков, Марат Тажикенов, Бакыт Сулейменов, Ернар Жамбау. Олар тек білім алып кетіп қана қоймай, тәрбиенің ізімен, ұстаздардың қамқорлығын ұмытпай, алғыстарын нақты әрекетпен білдіріп отыр. Мұндай азаматтық қадам- кейінгі түлектерге үлгі, мектеп дәстүрін жалғастырудың тамаша үлгісі. Мектеп директоры мен ұжымы, ата-аналар қауымы және оқушылар атынан түлектерге зор алғысымызды білдіреміз. Бұл тарту-сіздердің жүректеріңіздегі мектепке деген шынайы құрмет пен ыстық ықыластың айғағы. Сіздер арқылы елге, білімге, ұлттық құндылықтарға деген көзқарастың биіктігін көріп отырмыз.
«Түлектерге тарту» – бұл жай ғана сыйлық емес, бұл-жүректен шыққан шынайы ықыластың, азаматтық борыштың, перзенттік парыздың белгісі. Әлімбет орта мектеп-балбақшасының фойесіне орнатылған мемлекеттік рәміздер-осы борыш пен парыздың жарқын көрінісі.
Мектеп-мәңгілік құндылықтар бастау алатын рухани мекен. Ал мектепке тарту еткен әрбір ізгі іс – ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Бүгінгі түлектердің бұл бастамасы – келешекте де талай шәкірттің жүрегіне ұя салып, отансүйгіш, елжанды, тәрбиелі азаматтарды тәрбиелеудің бір тамаша қадамы болмақ. Мектеп рәміздері тұрған фойе – тек көркемдік туынды ғана емес, бұл – тарих пен тәрбиенің, ұрпақ пен ұлағаттың, өткен мен болашақтың сабақтасқан рухани кеңістігі.
«Әлімбет орта мектеп-балабақшасы» КММ