ТАЗА ЖАҒАЛАУ — ТАЗА ҚАЗАҚСТАН
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әрбір өңірлерде әлі де өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда өткен аптада акция аясында ауданымыздың тұрғындары мен жастары өз өңірлерін абаттандыруға елеулі үлес қосты. Сондай-ақ, экологиялық іс-шараға 50-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, жас белсенділер мен еріктілер өз үлестерін қосып, тазалық жұмыстарына белсене қатысты.
Акцияның мақсаты — ауданымыздағы су қоймалары жағасын тазалау және санитарлық тәртіпті сақтау, сондай-ақ қоршаған ортаға қамқорлық танытуды дәріптеу. Сондай-ақ, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын қалыптастыру.
-«Таза жағалау» экологиялық акциясын ұйымдастыра отырып, жастар өлкеміздегі табиғат аясын, су тоғандарының экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосып, тазалыққа атсалысты. Сонымен қатар, акция аясында су жағасын тазарту жұмыстары жүргізіліп, жағалаулар пластик, әйнек, қағаз, металл сынды қоқыстардан тазартылды. Тазалыққа қатысушылар барлық жиналған қоқысты арнайы қоқыс төгілетін полигонына шығарып, нәтижесінде 5 тоннадай түрлі қоқыс жиналды. Осылайша, туған өлкеміздің табиғатына ауыл жастары қолдау көрсетті. Мұндай белсенділік экологияны жақсартуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қоршаған ортаны сақтау жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді,-дейді аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
-«Таза Қазақстан» акциясы — әрқайсымыздың қосқан үлесіміз. Себебі, аудандағы тәртіп пен тазалық көбінесе ауыл тұрғындарының мәдениетіне байланысты. Біз бәріміз әдемі және таза жерде өмір сүргенді ұнатамыз. Бірақ, оны солай жасау үшін әрқайсымыз тазалық пен тәртіптің қарапайым ережелерін сақтауымыз керек. Мен мәдениет қызметкері ретінде кез-келген экологиялық акцияларды қолдаймын. Және де өз елінің патриоты ретінде ең алдымен тазалықты сақтап, бізді қоршаған табиғатты ластамауға кеңес беремін,-дейді облыстық, республикалық ән байқауларының жүлдегері, жас әнші Жасұлан Жұмабаев.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы негізінде аудан орталығы мен ауылдық округтерде көгалдандыру, абаттандыру, қоқыстардан тазарту, т.б. түрлі тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Олай болса, алдағы уақытта да ауылымыздың, су жағалауларының тазалық жұмыстарына бей-жай қарамай, барша тұрғындарға тазалықты сақтай отырып, экологиялық маңызы бар жұмыстарға белсене қатысуға шақырамыз!
Жұлдыз КЕНЖЕ