“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН”: АУДАН АУМАҒЫНДА 1500 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Өткен аптаның сенбісінде “Таза Қазақстан” екі айлық республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда кең көлемде сенбілік ұйымдастырылды.

Сенбілікке аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, жастар мен еріктілер және аудан ардагерлері белсене қатысып, табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.

Іс-шара барысында қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жұмыстарға атсалысып,  аудан аумағында 1500 түп көшет отырғызылып, ағаш егу жұмысына біркісідей жұмыла кірісті.

                               

-Бұл игі бастама елімізде «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында жүзеге асырылып отыр. Осы орайда аудан орталығына кіреберіс аймақта, демеушілік көмекпен сатып алынған 2000 түп терек ағашын егу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Жаппай шараға аудан тұрғындары мен ардагерлер, мекеме қызметкерлері бірлесе қатысып, өңіріміздің жасыл желекке айналуына өз үлестерін қосуда. Бұл бастама экологиямызды жақсарту мен табиғатты қорғауымызға деген маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба бермек,-дейді аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев.

Осылайша, аудан әкімі “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына өңір тұрғындарын ауызбіршілікпен атсалысуға шақырды.

-Ағаш отырғызу – сауапты іс. Сондықтан да бүгін барша аудан тұрғындары, үлкен-кіші болып ағаш егу акциясына белсене қатысудамыз. Бұл ең алдымен келешек ұрпағымыз үшін маңызы зор. Ауылымыз жасыл желек жамылып, ауамыз тазарып, айналамызға көрік беріп тұрса жақсы емес пе? Ауылымыздың болашағы үшін белсенділік танытқан барша аудан тұрғындарына ризашылығымды білдіремін,-дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев. 

Мұндай іс-шаралар аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға және жас ұрпаққа үлгі болуға үлкен септігін тигізеді. Міне осы мақсатта өлкеміздің тұрғындары бұл сенбілікті сергек өткізді.

Айта кетейік, елімізде 21-26 сәуір аралығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар өтеді. Бұл апталық – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерСенбілік