Таза аула – ұлт мәдениетінің айнасы

Ащылысай ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза аула» иесін марапаттау рәсімі өтті.

Бұл бастама ауыл тұрғындары арасында тазалыққа деген жауапкершілікті арттыруды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттауды мақсат етеді.

                                         

Шара барысында ауласын таза, көркем ұстаумен көпке үлгі болып жүрген тыл ардагері Раиса Ефимовна жастар орталығы тарапынан алғыс хатпен және естелік сыйлықпен марапатталды. Жасы 88-ге келсе де, қимылы ширақ кейуана тек өз ауласын емес, бүкіл ауыл көшелерін таза ұстауға тұрғындарды шақырып жүр.

Осы орайда аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан өзінің пікірін білдірген еді.

– Бұл аула иесі тек тазалық сақтап қана қоймай, көше бойын көгалдандыру, гүл отырғызу, қоршаған ортаны көркейту ісінде де белсенділік танытып келеді. Осыған орай алдағы уақытта да «Таза аула» атанған үй иелерін үлгі ретінде насихаттап, келешекте де марапаттау жоспарда бар, – деді.

Раиса Ефимовна өз ісімен ауыл жастарына өнеге болып, баршаны ортақ жауапкершілікке шақырып келеді. Оның үлгілі әрекеті – ауылдағы экологиялық мәдениеттің қалыптасуына қосылған зор үлес.

«Таза аула – таза ортаның айғағы» деген ұранмен өткен бұл акция – тек қоршаған ортаны таза ұстау емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойына экологиялық сана мен мәдениетті сіңірудің жарқын жолы болды. Мұндай шаралар ауыл өмірін жандандырып, бірлікке, ұйымшылдық пен тазалыққа үндейді.

Жұлдыз КЕНЖЕ