ТӘУЕЛСІЗДІК —  ТӘТТІ ҰҒЫМ

Жылдың бәрі өз еншісімен әрқалай есте қалады. Алайда 1991 жыл дүниеге келген сәбилер үшін жылдардың төресі-Тәуелсіздік туы желбіреген қадірлі де құрметті жыл болып қала бермек…

Олай деуім, біздің әулеттің үлкендері сонау қуғын-сүргінде ел асып, өз елімізге жетсек деген арманмен өткен болса, біз сол кісілердің ұрпақтары ел егемендігін алғаннан кейін Қазақстан шеттегі қандастарын елге тартқан кезде ата-анаммен бірге үш жасар сәби мен де ата-бабалар жеріне оралған болатынмын.

Мен Болатхан Мылтықбаев 1991 жылы қазақ елінің көк туы көкке желбіреген  сәтті күні Моңғол Республикасы Баян-Өлгей ауданының Сеңгіл кеңшарында дүниеге келіппін. 1993 жылы біздің ауданымызға 10 отбасы келіп, 5 отбасы осы ауданға қарасты Степной ауылына, менің әке-шешем қалған бес отбасымен бірге (Херсон) қазіргі Ақжайық ауылына көшіп келген.

Кейіннен Әлімбет ауылына қоныстанып, мен осы жердегі  Әлімбет орта мектебін бітірдім. Әкем Хуандық  «Фатима» шаруа қожалығын ашып, анам үй шаруасында болып, әкеме көмектесті. Бір шаңырақта ағам, екі інім, бір қарындасым 5 баламыз.  Осы ауылда оқып, өніп-өстік. Жұмысқа жарайтынымыз шаруашылықта түрлі салада жұмыс жасаймыз.

Біз жұбайымыз екеуміз бір қыз өсіріп  отырмыз. Зайыбым Әлімбет орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Өзім камаз жүк көлігін жүргіземін. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің шапағатын көрген бақытты отбасымыз. Мен арасында сурет салумен де айналысамын. Жалпы ауыл адамында көп уақыт бола бермейді. Бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиелеген ата-анама рахмет айтамыз. Балаларын ата-баба топырағына жеткізіп, ел рыздығын, сән салтанатына кенелткен аға буынға алғыс айта отырып, орда бұзар отыздан ассақ та біз бақытты ұрпақпыз дегім келеді.