Тәтті сусындардың зияндылығы туралы не білеміз?

Қазіргі таңда дүкен сөрелерін жарнамасы жер жарған тәтті, газдалған сусындар жаулап алған. Тәттілігімен адамдардың тәбетін тудырған осы сусындарды жиі тұтынудың салдарынан қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры аурулары көбейіп барады.

Мысалы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қант диабетіне шалдыққандар саны соңғы бес жылда 31 пайызға өсіп, 400 мыңға жуықтаған. Егер бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай науқас саны 1 млн-нан асады деп болжап отыр мамандар.

Ал осындай тәтті, газдалған сусындар мен шырындар көп тұтынудың салдарынан балалар арасында тіс жегісі көбейіп, семіздік белең алып барады. Еліміздегі балалардың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан болса, ересектердің 20 пайызы артық салмақпен күресіп әлек. Ал, соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары 16 пайызға өсіп отыр.

Семіздік, қант диабеті, тіс жегісі мен жүрек-қантамыр жүйесіндегі бұзылыстардан бөлек, бұл сусындар құрамындағы фосфор қышқылының әсерінен ағзадан кальций, магний тағы басқа ағзаға қажетті минералдарды жуып тастау арқылы адамда артрит, остеопороз секілді сырқаттарды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, құрамындағы бисфенол-А деген компонент обыр ауруы мен репродуктивті функцияның бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Сондықтан ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, мұндай газдалған сусындарды тұтынудан бас тартуымыз қажет!

Айнагуль БЕРЖАНОВА,

 аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

басқармасының басшысы