Талапты жас – ауылдың шынайы жанашыры

Мамандықтың жақсысы, жаманы жоқ. Дегенмен, денсаулық — ең басты байлық болғандықтан, дәрігер – ең қадірлі, ең жауапты мамандықтардың бірі десек, артық айтқандық болмас. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін білікті дәрігердің орны ерекше. Алайда, жоғары білімді жас мамандардың ауылға барып еңбек етуі сирек, әсіресе ер азаматтар жағы тіптен аз.
Қазақта «Талаптыға нұр жауар» дейді ғой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз аса көп тәжірибесі болмаса да, тәуекелге бел буып, аудан орталығынан шалғай орналасқан шағын ғана Бозтөбе ауылына жол тартқан жас маман — Нұрболат Нұрлыбеков.
Ол 1999 жылдың 12 шілдесінде ауданымызға қарасты Петропавл ауылында дүниеге келген. 2006 жылы осы ауылдағы Петропавл орта мектебінің табалдырығын аттап, 2017 жылы 11-сыныпты тәмамдаған. Кейін Ақтөбе қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы медициналық колледжге түсіп, медбике (медбрат) мамандығы бойынша білім алып шығады.
Оқушы және студент кезінен-ақ спортқа жақын болып, шаңғы, волейбол, футбол секілді ойындарға белсенді қатысып, бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі кубоктар мен дипломдарға ие болған.
2020 жылы колледжді сәтті аяқтаған жас маман туған ауылындағы медициналық амбулаторияда еңбек жолын бастайды. 2021 жылы Қарғалы аудандық ауруханасына ауысып, келесі жылы әскерге шақырылады. Отан алдындағы борышын Отар қаласындағы әскери бөлімде өтеп, 2023 жылы елге оралады.
Аудандық аурухана басшысының нұсқауымен сол жылы Бозтөбе ауылдық дәрігерлік пунктінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Қазіргі таңда бұл ауылда 200-ге жуық тұрғын тұрады. Медициналық пунктте Нұрболаттың өзі, кіші медбике және көлік жүргізушісі қызмет етеді.
Ауылға келгелі бері қысқа уақытта өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен жас маман ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келеді. Еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға да қол жеткізген.
Ең бастысы – елдің ықыласы мен шағын ауыл тұрғындарының ризашылығы кейіпкеріміз жайында мақала жазуға түрткі болғанын да жасыра алмаймыз. Өйткені, еңбегін елеген қарапайым халық «Қолы-аяғына тұрмайтын пысық жігіт!» деген жылы лебіздерін де білдіріп жатты.
Олай болса, адам жанының арашасы боп жүрген, ақ халатты абзал жанның еңбегі еселене берсін дейміз.
Бақыт ИМАШЕВ