Талантымен топ жарған —  «Наз» халықтық би ансамблі

14 шілде күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласында «Қазақстан таланттары» музыка және хореография саласындағы қазақ ұлттық байқауы өтті. Бұл байқауға аудандық мәдениет үйінің “Наз” халықтық би ансамблі қатысып, нәтижесінде бас жүлдеге ие болып, олжалы оралды.

Расында, би өнері — тылсым құдірет. Оны ырғала билеп, жүрекке жеткізе білу де өнер. Мұндай ерекше өнерді меңгере отырып, оны халыққа  жеткізу үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді.

Ауданымыздағы «Наз» халықтың би тобы 2014 жылдан бастап құрылып, ең алғаш 2019 жылы «Кербез» үлгілі би ансамблі дәрежесіне жетікізген жетекшісі – Камшат Нуркаева. Ол ауданға танымал хореограф, талай жас бүлдіршіндердің сахына төрінде өнер көрсетуіне себепші болды. 2022 жылдан бастап Камшатқа серік болып, Назым келді.

2023 жылы «Кербез» халықтық би ансамблі атағын қорғаған би ұжымына бүгінгі таңда ізбасары Назым Жанғазы жетекшілік етіп келеді.  Аталмыш би ұжымы 2024 жылы халықтық бишілер ансамблі атағын қорғады. Қазіргі уақытта Камшат пен Назым бірлесе бишілердің биіктен көрінуіне еңбек етуде. Қалай десек те екі хореографтың да еңбектері зор.

Бүгінгі таңда  би ұжымы  кіші, орта, үлкен топтарға бөлініп өнер көрсетіп жүр. Әр топта 15-тен аса бишілер бар. Бишілер қазақ биімен қатар орыс, үнді, өзбек т.б ұлт өкілдерімен қоса заманауи  билерді де көпшілікке ұсынып жүр. Би ұжымындағы жалғыз орыс қызы қазақ биін мың бұрала билегенде  көпшілікті таңқалдырмай қоймайды.

«Бұлақ көрсең көзін аш»  демекші, әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны әрмен қарай дамыту ұстаздың қолында. Ұстаз еңбегі ақталып, нәтижелі өнер көрсетіп жүрген «Наз» халықтық би ансамблінің бағындырған белесі аз емес. Би ұжымы аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары. Атап айтар болсақ, бұған дейін «Би құпиясы- 2023» І дәрежелі лауреат, «Dance Non Stop» байқаудың Гран-при иегері, «Zhasdauren» сынды т.б.

Сондай-ақ, би ансамблінің қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Киелі Маңғыстау өңірінде таланттылардың басын қосқан байқауда «Наз»  халықтық би тобы үздік атанып, бас жүлдені қанжығаға байлап,  өнерлі өрендер аудан абыройын асқақтатты. Аталмыш байқауда Ақтау, Орал, Талдықорған, Көкшетау, т.б. өңірлерінен келген өнерпаздар  бақ сынады. Ақтөбе облысы атынан қатысқан біздің «Наз» халықтық би ансамблі көрермендерді өздерінің өнерлерімен тамсандырып, әділ қазылар алқасының ойынан шығып, байқаудың жеңімпазы атанды.

Осылайша, Маңғыстау өңірінен абыройлы оралған би ұжымын ауылдастары мен әріптестері, бишілердің ата-аналары ерекше ықыласпен күтіп алып, құрмет көрсетті.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»

ТегтерЖетістік