ТАЛАЙҒА  ӨМІР СЫЙЛАҒАН — ТАЛҒАТ

«Адам баласының қай жері ауырса, жаны сол жерде»,- деп жатады ғой. Хирургия бөліміне келетіндердің басым көпшілігі — оқыс жағдайға тап болып, өлім мен өмір үшін күресетін хәл үсіндегілер. Сол алдарына хәл үстінде келгендерге сағаттар бойы ота  үстелінде арпалысып,  қайта өмір сыйлайтындар оташы мамандар.

         «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз»,- дегенде еске алсақ,  біздің кейіпкеріміз Талғат Есдәулетұлы  пышақпен талайға өмір сыйлаған алтын қолды жас оташы.

Талғат Жолдыбай 1995 жылы қыркүйек айында Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ол әкесі Есдәулет пен анасы Жанардың тұңғыш ұлдары. Артынан ерген 1997 жылы туған Жандос есімді інісі бар. Әкесінің мамандығы мұғалім, ал анасы балабақшада бас даяшы болып қызмет етеді.

Кейіпкеріміз 2002 жылы О.Ағыбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке барып, 2013 жылы үш тілде мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп интернатында білім алып шығады. Оқуға ынтасы зор, зерек жас сол жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Хирургия» бөлімінің студенті атанып, оқуға түседі.

2013-2018 жылдар аралығында бакалавр, хирург (интерн), сол аралықтарда фельдшер мамандығын қоса оқып,  жалпы хирург мамандығын меңгереді. Алғаш еңбек жолын 2018 жылы Ақтөбе қаласындағы  теміржол ауруханасында кіші медициналық қызметтен бастап, 2019 жылы Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық ауруханасындағы жедел жәрдем бөлімінде  фельдшер болып жалғастырады.

Сондай-ақ, 2018 жылы өзі туып өскен Түлкібас ауданына қарасты Тұрар  Рысқұлов ауылында зайыбы Назеркемен отау құрып, 2019 жылы тұңғыш ұлдары Ерқанат дүниеге келеді. Одан әрі әңгімені Талғаттың өз сөзімен сабақтасақ.

 

-Қалада жас маманға орын бере қою өте қиын екенін түсіндім. Әрі кішкентай сәбимен есік қағып, үй жалдауда қиын болды. Сондықтан 2020  жылы тамыз айында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы, бүгінгі күні отбасымызға құтты қоныс болған Бадамша ауылындағы аудандық ауруханасына тартып отырдым. Жұбайым екеуміз дұрыс шешім қабылдағанымызға ризамыз. Бағдарлама бойынша үйлі болдық. Оған қоса балаларымызға ыңғайлы балабақша да бар. Назерке де  жұмысқа тұрды. 2023 жылдың   тамыз айында осы өңірде Дәрия есімді қызымыз дүниеге келді. Менің өзімді еңбектегі ұстазым, әрі  ақылшым, хирургия бөлімінің меңгерушісі  Бақытбек Укабаев ағамыз жылы қарсы алды. Біздің оташы бөлімде 2 хирург, 6 медбике, 6 кіші медициналық қызметкер, 2 анестезиолог екі көмекшісімен қызмет етеді. Ұжым өте ұйымшыл. Бір-бірімізді қас қабағымыздан-ақ түсінеміз. Олай дейтінім ота кезінде бөгде шу болмауы керек. Бір сөзбен айтқанда, өз мамандығыма ризамын. Алғашында  ота үстелі қасында аяқ-қол дірілдеп, көз бұлдырап, науқастан да артық қиналатын кездер артта қалды. Қазір қиындыққа төселдік, білмегенді үйреніп, тәжірибе алмастық. Менің айтарым ұжымың ұйымшыл болса, алынбайтын белес жоқ,-дейді кейіпкеріміз. Расында, өз мамандығын жақсы көріп жасағанның, еңбегі еш кетпейді. Осы орайда  Талғаттың да қызметі бағаланып, жеткен жетістіктері аз емес. Ол аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Дәрігер үшін ең қадірлісі жаны қиналып келгендерге демеу боп, жүзіне қуаныш сыйлау екен.  Өйткені, ақ халатты абзал жаннан үміт күтіп келген науқастың дертіне шипа сыйлау, әрине еңбектің еш кетпегені. Медициналық қызметкерлер үшін марапаттың төресі –халықтан алғыс алып, жаңа өмір сыйлау. Бұл нағыз бақыт жолының кілті дер едім.,-дейді ол.

         Бақыт ИМАШЕВ,

         ауданның «Құрметті азаматы»