Сын сағатта сыналғандар

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ақпанның қаһарлы боранында адам өмірі үшін күрескен сала қызметкерлерін қабылдап, ауа-райына қарамастан, өз қызметтерін адал атқарған жандарға  құрмет көрсетті. 

Еске сала кететін болсақ, ақпан айында еліміздің бірқатар облысында күн күрт суып, ақтүтек боран болып, соның салдарынан жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қар құрсауында қалғандар да болды. Табиғаттың мұндай тосын мінезі біздің өлкемізді де айналып өткен жоқ. Осы жағдайға орай жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасады. Кейбір ауылдарда электр желілері үзіліп, байланыссыз қалды. Десе де, өкінішті жағдайлар орын алған жоқ. Екі тәулік бойы соққан бұрқасын боран нағыз сын сағатын туғызды десе де болады. Міне, сол уақытта қызметіне адалдық танытып, сын сағатта сыналғандарда осы сала мамандары еді.

Сол сәтте олар өңірде табиғат тосын мінез танытқан кезде күндіз-түні көз ілмей, еңбек етіп, халықтың қауіпсіздігін сақтауға бар күш-жігерін салды. Аудан басшысы бірқатар төтенше жағдайлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандар арасында аудандық медицина саласы қызметкерлері де бар. Олар жедел жәрдем фельдшері Эльмира Какенова мен аға жүргізуші Маулен Махмутов.

Расында, ақпанның ақтүтек бораны соққан күндері қар құрсауында қалған автокөлік жүргізушілері қауіпсіз жерлерге көшіріліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қиын сәтте медициналық көмек көрсетіліп, жылумен қамтамасыз ету және де электр желілерін қалпына келтіру сынды жұмыстарды да  осы сала қызметкерлерінің атқарғаны баршаға мәлім.

Қай істе де еңбек бағалануымен құнды. Ендеше, өз қызметіңді мүлтіксіз, адал атқарып, алғыс алудан  артық құрмет жоқ шығар.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерҚұрмет