Сыбайлас жемқорлықпен күрес — қоғам талабы

Сыбайлас жемқорлық  — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.

Аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық  комиссияның отырысы өткізіліп келеді. Жыл басынан бастап сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бойынша құқықтық оқытулар, семинарлар ұйымдастырылып, өткізілуде.

Бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу тақырыбында мақалалар жарияланды. Сондай-ақ, аудан мекемелерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланымдар шығарылып отырады.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау қадағаланып, барлық өтініштер белгіленген мерзімде қаралады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру бағытында  іс-шаралар ұйымдастырылып, 60-тан астам жадынамалар халық көп шоғырланатын орындарда ілінді және үйлерді аралап, таратылып тұрады.

2023 жылы облыстық «Ақтөбе» және аудандық «Қарғалы» газеттерінде 4 материал және әлеуметтік желілерде 50-ден астам материалдар, 2024 жылдың 5 айында  аудандық «Қарғалы» газетінде 2 материал және аудан мекемелерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында 30-дан астам материалдар жарияланып, аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында барлық ауылдық округтерде баннерлер орнатылды.

Аудан бойынша «сенім телефоны» үнемі жұмыс жасайды және әлеуметтік желілерде  қажетті ақпараттар жаңартылып отырады.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында Қарғалы ауданында «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобасының аясында 4 «Ашық әкімдік» кеңсесі (Қосестек, Желтау, Әлімбет және Кемпірсай ауылдық округ әкімдерінің ғимараттарында), аудан әкімдігінің ғимаратында «Ақтөбе-адалдық алаңы» кеңсесі және әрбір ауылдық округте өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс жасауда.

Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі бақылауға алынған. Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұдан да биік дәрежеге көтерілетіні хақ.

Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұстана білсе, бұл індеттің жойылатыны анық.

Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.

Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

А.ЖҮСІБАЛИЕВ,

Қарғалы ауданының әкімі