«СЫБАҒА» ФЕСТИВАЛІ: АУДАНЫМЫЗ  ҮЛЕС ҚОСТЫ

Біздің ауданымызда да аталмыш фестиваль аясында түрлі іс шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының тәлімгер ұстаздары оқушылар арасында ұлттық киім үлгісін насихаттаса, №2 Бадамша орта мектебінде 5-8 сынып білім алушылары арасында ұлттық тағамдар таныстырылып, олардың жасалу жолдары мен денсаулыққа пайдасы түсіндірілді.

Сондай-ақ, жастар орталығы мен орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Syraq Quiz» интеллектуалды ойыны өтіп, онда ауыл ардагерлері мен жастары өзара сайысқа түсіп, мақал-мәтел, жұмбақ және де қазағымыздың ұлттық салт-дәстүр ұғымы талқыланды. Ал аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық киімді ұлықтайық» атты тарихи-танымдық шара өтті. Оған Бадамша агротехникалық колледждің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Шарада ерте замандағы  ұлттық киім үлгілері мен олардың атауы, тарихи мән мағынасы жайында кеңінен түсінік берілді.

                                       

Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде «Дәуір дефилесі» бойынша  ұлттық киімдеріміздің сән үлгісі ұйымдастырылып, оған ауданымыздағы  мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Айгөлек», «Балапан» балабақшасының бүлдіршіндері мен аудандық балалар өнер мектебіндегі «Киім Дизайны» бөлімінің білім алушылары қатысып, олар өз қолдарымен заманауи үлгідегі тігілген киімдерімен сән көрсетті. Қазағымыздың қара домбырасымен сән көрсеткен кішкентай балапандарымыз бен шолпы тағып, қос етекті ұлттық нақышта безендірілген киімдерімізбен өнер көрсеткен қыздарымыз көз тартар әсемдігімен ерекше күйге бөледі.

       Оған қоса  мәдениет үйінің фойесі ұлттық нақышта безендіріліп, «Салбұрын» ұлттық спорт түрін дамыту мақсатында «Серілер» шарасы ұйымдастырылып, мектеп оқушыларына  бүркіт және тазы салу өнері насихатталып, құсбегілік, садақ ату сынды танымдық сағаты өткізілді. Оқушыларымыз  ұмытыла бастаған  «Асық ату», «Бестас» ұлттық ойындарын ойнап, серпіліп қалды.

                     

Осылайша, бес күн бойы ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып,  өсіп келе жатырған келешек ұрпақтарымызға салт-дәстүріміздің озық үлгілері дәріптелген іс шараға ауданымызда  елеулі үлес қосты.

Қарғалы-АҚПАРАТ