Сұрақ – Сізден, жауап – бізден!

Сұрақ:
Үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) мемлекеттік гранттарды қалай алуға болады?
Жауап:
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ҮЕҰ мемлекеттік гранттарды алу үшін конкурсқа қатысуы қажет. Конкурсқа қатысу үшін ҮЕҰ белгіленген мерзімде өтінім беріп, қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z050000036_
Сұрақ:
Мұқтаж адамдарға көмектесетін қоғамдық ұйым ашқым келеді. Бірақ өз қаражатым жетпейді. Қоғамдық ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырысқа қалай қатысуға болады?
Жауап:
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жергілікті атқарушы органдар және Ақтөбе қаласы, аудан әкімдіктері қаржыландырады. Құзырлы мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алулар порталында ҮЕҰ-ға арналған әлеуметтік жобаларды орындау бойынша сатып алу жөнінде конкурс жариялайды. Конкурсқа әділет органында тіркелген қоғамдық ұйым қатысуға құқылы. Сонымен қатар, қоғамдық ұйым міндетті түрде ҮЕҰ-дың республикалық дерекқор тізімінде болуы қажет. |
Сұрақ:
Жеке кәсіпорындарда, ұйымдарда, пәтерлерде және үйлерде мемлекеттік жалаушаларды орнатуға бола ма? Мүмкін болса, ережелер бар ма?
Жауап:
ҚР «Мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Заңның 4-бабында және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану (белгілеу, орналастыру) қағидаларының 4-тармағында:- Мемлекеттік ту басқа ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің қалауы бойынша көтерілуі және орнатылуы мүмкін;- Мемлекеттік Тудың бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.Осылайша, заңнамада мемлекеттік туды тұрғын үйлерде және мемлекеттік емес ұйымдар мен жеке тұлғалардың үй-жайларында пайдалануға тыйым салынбайды.:- Мемлекеттік Ту оның мөлшеріне қарамастан ұлттық стандартқа сай болуы тиіс;- Мемлекеттік Тудың бейнесін қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың туларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды;- қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың тулары Мемлекеттік тумен бірдей бола алмайды
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000258_
Сұрақ:
Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты қандай?
Жауап:
Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты – қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету.
Сұрақ:
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қалай қатысуға болады және қандай құжаттар тапсыру
қажет?
Жауап:
Қала және аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдеріне жолығып, келесі құжаттарды тапсырасыз.
1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екеу);
7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
8) қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) қатысуды растайтын құжаттардың көшірмелері.