СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫНЫҢ СҰЛУЫ

Әлбетте, қазақ әйел затына көңілі толғанда,  «көркіне  ісі сай екен»,-   деген жақсы ризашылық сөз бар.   Біздің  кейіпкеріміз Павлодар қаласынан іссапармен  дәм айдап келген Анастасия Дюсембаева бұл күнде Бадамшалық қыз-келіншектерге танымал ару. 

Адамды дәм айдаса, қайда бармайды. Соның ішінде қыз бала жат жұрттық деп жатады ғой. Анастасия да іссапармен келіп, Бадамша өңірінен теңін тауып, келін болған орыс қызы, қазақ салт-дәстүрін бойына сіңіріп, бүгінде бір ұл мен қыздың  анасы.

Кейіпкеріміздің жасы  28-де.  Ол жолдасы Исламмен отау құрып, бес жылдан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жарасымды отбасы. Анастасия өз ісінің маманы. Ол Алматы қаласындағы эстетикалық тәрбие институтының «кіші медбике» факультетін бітірген. Оған қоса, қыз-келіншектердің сұлулығына қажетті косметологиялық мақсатта білім алған білікті маман. Бір сөзбан айтқанда аруларды сәндеп, олардың сұлулығына сұлулық қосатын аудандағы бірден-бір маманы деуге болады.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда аудан орталығындағы «Beauty lash Anastasia» сән салонының иесі. Нәзік жандыларға ерекше көңіл күй сыйлайтын сұлулық салоны жанға жайлы. Заманауи негізде  жасақталған жайлы бөлме, оған қоса барлық жағдай жасалған. Әзірге  келушілерге  бір өзі қызмет етіп үлгеріп жүр. Сұлулық салонына келушілер қатары күннен-күнге көбейіп келеді.

 

Сонымен қатар, мұнда қыз-келіншектер қалаға шаппай-ақ, ауылда жүріп бетін әрлеп, шашын сәндеп,  барлық мерекелік кештерде әдемі болып жүрулері үшін Анастасия барды салып келе жатқанын өз сөзінде жеткізді. Ал оның бағасын қызметіне жүгінген ауылдастары бағалай жатар. Бұл жерде әйел затын әрлеудің түр-түрін жіпке тізіп жатпадық. Кейіпкеріміздің айтуынша шаш, қас, кірпік секілді сұлулыққа сән беретін түрлі қызмет түрлері көрсетіледі.

Бүгінгі таңда өз кәсібін ашып, еңсесін тіктеуге бет-бұрыс жасайтындарға мемлекеттік қолдау көп. Бизнес негіздерін меңгеріп, кәсібін дөңгелентемін деген жанға мүмкіндік мол. Осы бағытта көпшілікке септігін тигізіп келе жатырған «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор.

Айта кету керек, кейіпкеріміз сұлулық салонының иесі Анастасия да  ауылдықтарға шапағаты мол аталмыш бағдарламаның игілігін көріп  отырғандардың бірі.

Әңгіме барысында ол Бадамша ауылдық округінің мамандарына ризашылығын білдірді.

-Біз өз ісіміздің маманы болсақ та, бағдарламалардың өзіндік талаптары бар. Оның үстіне жұмыстан босай да бермейміз. Осындайда арнайы мамандардың көмегі орасан зор. Біріккен еңбектің арқасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында менің құжаттарым мақұлданып, қаржы бөліп, керек- жарақ алуға септігі тиді. Сол үшін де  ауылдық округ әкімі мен жауапты мамандарына ерекше алғысымды  білдіремін,-дейді сұлулық салон иесі.

Қазір кәсібінің көзін тауып, одан әрі дамытып мол табысқа кенеліп жатқандар аз емес.  «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің де еңбекқорлығы көпке үлгі.  Сондықтан да, біз де  «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашып, игілігін көріп келе жатырғандарды дәріптеуден кенде емеспіз. Еліміз ауыл халқын қолдаудың түрлі тәсілдерін жетілдіруде, ал жетекке еру ауылдықтардың  еншісінде.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерКәсіп