Су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге көрсетілетін көмек түрлері

Су тасқыны: ақтөбеліктерге көрсетілетін көмек түрлері белгілі болды

➤ Бірінші – жылжымайтын мүлікке, тұрмыстық техника мен жиһазға келтірілген залалды өтеу бойынша берілетін өтемақы.

Бұл өтемақының түрін төтенше жағдай жарияланған аумақтардың (Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының) тұрғындары ала алады. Ол үшін тұрғындар 30 күнтізбелік күн ішінде материалдық шығынды өтеу туралы өтінішке жеке куәліктің көшірмесі, жоғалған немесе бүлінген мүліктің тізбесін қоса отырыр, аудан әкімдіктеріне тапсырады. Содан соң, 15 күнтізбелік күн ішінде комиссия үй-үйді аралап, техникалық акт жасап, келтірілген залал шығынын бағалайды. Комиссия шешім қабылдап, қаржы бөлу мәселесін қарастырады. 30 күнтізбелік күн ішінде өтемақы төленеді.
Ал мүлікті бағалау кезінде, келтірілген залал 80%-дан асатын болса, мүлік жойылды деп танылады. Жаңа үй салынады.

➤ Екінші – біржолғы төлем. Бұл төлем төтенше жағдай жарияланған және жарияланбаған, су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға қарастырылған.
Төлем көлемі Ақтөбе қаласы және Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, қалған аудандарда – 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңгені құрайды.
Біржолғы қаржыны алу үшін үй жағдайын қараған комиссия қорытындысы керек. Өтініш беруші сол қорытынды негізінде төтенше жағдай қызметінен анықтама алып, әрі қарай жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет. Құжаттар 8 күн ішінде қаралса, 3 күн ішінде біржолғы төлем төленеді.

➤ Үшінші – «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының көмегі. Материалдық шығынды өтеу бойынша комиссия жұмыс істейді.

➤ Төртінші – несиелік демалыс.

Су тасқынынан зардап шеккендердің несие төлемдері 3 айға кейінге автоматты түрде шегеріледі.

 t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi