СУ ТАСҚЫНЫНА ТОСҚАУЫЛ БОЛҒАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Мереке қарсаңында аудан әкімі А.Жүсібалиев, аудан аумағында су тасқыны кезінде өз қызметтерін адал атқарып, ауданның елді мекендерін су басу қауіпі төнген кезде, аянбай күш жігерін салып, қызмет еткен ауданның бірқатар азаматтары мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі және полиция бөлімі қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Үстіміздегі жылдың 27 наурызынан бастап ауданда Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын атқарды.
Қарлы қыс болып, жерге мол ылғал түсуі, көктемде су тасу ықтималдылығы артатыны сөзсіз. Осы бағытта аудан басшысы, күз мезгілінен бастап, ауданның су тасқыны кезінде қауіпті аймақ саналатын Петропавл және Қосестек ауылдарында су ағар жолдарды кеңейту, арықтар мен бөгеттер салу бойынша жауапты басшыларға тапсырма беріп, қатаң бақылауда ұстады.
Қыс мезгілінде ауданның елді мекендерінен қар шығару жұмыстары іске асырылды. Дегенмен ауа-райының жылы ағымымен жауын-шашынның түсуі салдарынан, еріген қар суымен өзендер арналары толып, елді мекендерді су басу қауіпі күшейді. Дәл осы кезде, су тасқынына қарсы жасалған дайындық өз нәтижесін беріп, қауіптің беті сейілді. Қандай да бір қиындықтар мен қауіп төнген кезде, елдің қамын ойлаған азаматтар көмек қолын созып, аянбай еңбек еткеннің арқасында нәтижелі жұмыс жүреді.
Осы мақсатта аудан азаматтары мен құқық қорғау, төтенше жағдай бөлімдері қызметкерлері өз қызметтерін адал атқарғаны үшін, аудан басшысы Отан қорғаушылары күні мерекесі қарсаңында арнайы жинап, алғысын білдірді.
Қарғалы-ақпарат