СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Ағымдағы жылдың ақпан айының 7-13 күндері Орал қаласында Республикалық ХІІІ қысқы оқушылар гимназиадасы өтті. Бұл сайысқа қатысқан біздің ауданымыздың спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, жүлдемен оралды.

Спорттық шараға еліміздің барлық өңірінен 12-18 жас аралығындағы 700-ге жуық оқушы қатысты. Спортшыларымыз аталмыш гимназиада сегіз спорт түрі бойынша, яғни, шаңғы жарысы, қысқы Президенттік сайыс, биатлон, қысқы спорттық бағдарлау, шорт-трек, бенди (допты хоккей), шайбалы хоккей және мәнерлеп сырғанау бойынша өзара сынға түсті.

Сондай-ақ, бұл спорттық іс-шара оқушылар үшін ғана емес, қоғамдық маңызға ие. Себебі Мемлекет басшысы       қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында салауатты ұлтты тәрбиелеу, елімізде бұқаралық және балалар спортын дамыту қажеттігін айта келе, гимназиада — бұл жәй ғана жарыс емес, нағыз таланттарды анықтауға, балалар арасында спортты насихаттауға және спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған дода,- деп баса айтқан еді.

Міне, осы Республикалық ХІІІ қысқы оқушылар гимназиадасына қатысқан біздің спортшыларымыз да нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп,  Президенттік көпсайыс түрінен ауданға қарасты Жосалы орта мектеп-балабақшасының оқушылары жалпы командалық есепте жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Жеңімпаздарымыз Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының дипломдарымен және де медальдарымен марапатталды. Команда құрамында Ксения Шмальц, Андрей Мороз, Елизавета Замирайло өнер көрсетті. Спортшыларымызды дүбірлі додаға дайындаған жаттықтырушысы-Айдар Жамалов.

Аудан намысын биіктеткен спортшыларымызды Жосалы орта мектеп-балабақшасының ұжымы ерекше құрметпен күтіп алды. Бұл іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсенова да арнайы қатысып, оқушыларымызды спортқа дайындаған жетекшісі мен жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

 

 

ТегтерЖетістік