Шаруаға ширақ көп ұлтты отбасы

Ерінбеген адам кез келген кәсіпті шыр айналдырады. Өйткені, адамға ең алдымен ниет, содан соң барып әрекет керек.

         Осы орайда біздің бүгін сөз етпегіміз биыл 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып,  кәсібін қолға алған Велихов ауылдық округіне қарасты Ақжайық ауылының байырғы тұрғыны Наталья Маловичко жайында болмақ.

Ауданымызға танымал кезіндегі Херсон (қазіргі Ақжайық) ауылында  жылдан жылға халық та азайып барады десе де болады. Елсіз қалған жерде табан тіреп шаруаларын дөңгелетіп отырған бұл отбасыға алғыс айтсақ артық болмас.

Кейіпкеріміздің жолдасы Гавил Керимов 1994 жылдан «Қарабұлақ» шаруа қожалығын ашып, ірі қара малын өсірумен айналысып келе жатқан ауданға танымал, шаруаға бейім азамат.

Айта кететін жайт бұл отбасы көп ұлттың басын құрап отыр. Наталья өзі  украин қызы, ал жолдасы Әзербайжан ұлтынан. Отбасында 5 ұл,1 қыздың  ата-анасы. Сондай-ақ, сегіз немеренің ата-әжесі. Ұлдарының бәрі отау құрып, әрқайсысы әр жақта, әр түрлі салада еңбек етеді. Ортаншы ұлының зайыбы өзбек, екінші ұлының жұбайы белорус ұлтынан. Ал жалғыз қыздары Ақтөбе қаласында тұрады. Ол орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығында білім алуда.    Осы көп ұлтты отбасының ұйытқысы болып отырған ауылдың қарапайым нәзік жандысы өзінің «Лейла» атты  жеке кәсібін ашты. Кейіпкеріміз биылғы «Ауыл  аманаты» жобасына құжат тапсырып,   8 млн 600 мың теңгеге 19 бас сиыр алған. Сонымен қатар, қосымша құрал-жабдық алу үшін 2 млн 500 мың теңгеге құжат тапсырған.

Осылайша, бүгінгі күні бұл отбасы ангус асыл тұқымды және де  қазақтың  ақбас тұқымды сиырларын  бағып күтуде. Алдағы уақыттағы жоспарлары да баршылық. Мал басын көбейтіп, асылдандыруды мақсат қойған. Көп ұлтты отбасы биыл су тасқынында зардап шеккендерге де қол ұшын беріп, көмек көрсеткен. Жалпы жолдасы Гавил шаруашылықпен айналысқалы бері аудан орталығында өткізілетін ауылшаруашылық  жәрмеңкелеріне үзбей қатысып, ауылдағы қандайда болмасын іс-шараларға қол ұшын беріп келеді.

Бір отбасындағы екі бірдей шаруаны дөңгелетіп отырған, бірлігі жарасқан отбасылы шаруақор, ширақ еңбек адамдарының алда алар асулары баршылық. Біз де ауылға бет бұрар, жан ашыр еңбек адамдары көп болса, санаулы жылдарда мұндағы тірлік те жанданар  деген үміттеміз.

Бақыт ИМАШЕВ