Шәмшіліктерде шаттықпен қарсы алды

Қазақтың кең байтақ даласының әр өңірінде жайдарлы көктем әр қалай келетінен есерсек, биыл біздің өңірде мереке күндері күн жайма-шуақтанып, қыс артынан көктем келетінін еске салғандай әсер қалдырды.

Сондай-ақ, көңілге көктем шуағындай сезім мен нұр құятын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қашан да орны бөлек. Себебі, шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – мейірім мен жылулықты, махаббат пен ізгілікті бойына дарытқан ақ жаулықты әжелердің, ардақты аналардың, аяулы қыздардың күні.

Осы орайда Аналар мерекесі Шәмші ауылында да атап өтілді. Мереке қарсаңында өткен жұма күні Шәмші Қалдаяқов ауылдық модельді кітапханасы өздерінің оқырман қыз-келіншектеріне шеберлік сағатын өткізді.

Ондағы мақсат оқырмандарды  қол өнеріне баули отырып, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, табандылыққа баулу. Шеберлік сағатында  қатысушы бұрымдыларға ауыл тұрғыны, қол өнер шебері Шынар Базеева фетрден қол сөмке жасаудың қыр-сырын үйретіп, сонымен қатар қыздардың басына киетін тақияның да дайындалу тәсілін көрсетіп, қызықты бас қосу өтті

Сондай-ақ, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі ауылдық клубта  аруларды ән құшағына бөлеген мерекелік салтанатты жиынмен жалғасты. Ауылдағы  барша нәзік жандыларды ауыл әкімі Самат Ізтлеуов құттықтап, адал еңбектері мен қоғамдағы алар орындарына тоқталып, аса ризашылықпен шынайы тілегін жеткізді.

Мерекеге келгендерге ауылдық клуб өнерпаздары әннен шашу шашып, Шәмші ауылының аспанын мерекелік сазды әуенге бөледі.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерМереке