Шәмшідегі футбол мерекесі
Шәмші Қалдаяқов ауылында ҚР Конституция күніне орай жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті.
Спорттық сайыс аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Шәмші Қалдаяқов ауылы әкімдігінің қолдауымен өткен футбол турнирінің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау.
Футбол турниріне 5 команда қатысты. Олар: «Бадамша», «Петропавл», «В.Пацаев мектебі», «Ш.Қалдаяқов» құрамалары мен «Ардагерлер» командасы. Осылайша, жарысқа қатысқан командалар спорттық сайыста бақ сынасып, ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған медальдар мен кубоктарды өзара бөлісіп, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жарыстың ашылуында сөз алған ауылдық округтің әкімі Самат Изтлеуов барша спортшыларды Конституция күнімен құттықтап, спорт шарасына сәттілік тіледі.
Осы орайда, спорттық шараның өткізілуі жайында ұйымдастырушылардың пікірін білген едік.
— Бастапқыда 5 команда екі топқа бөлінді. Жарыс барысында қарсыластар жеребе арқылы анықталды. Әр топтан екі команда финалдық кезеңге шығып, өзара бақ сынасты. Бұл шара ауыл жастарының арасында қызықты да тартысты өтті,-дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
-Салауатты өмір салтын насихаттауда жастардың жоғары азаматтық белсенділігін атап өткен жөн. Жарыстың барлық қатысушылары қызықты ойын өрнегін көрсетті. Жеңімпаз спортшыларымыз ойын барысында мықтылықтарын көрсетіп, мойындата берді, – деп атап өтті «Шәмші Қалдаяқов» құрамасының капитаны Алтынбек Жандуов.
Ойын нәтижесі бойынша I орынды «Ш.Қалдаяқов» құрамасы, II орынды «Петропавл» құрамасы, III орынды «Бадамша» құрамасы иеленді. Сондай-ақ, ойыншылар Степан Ганиев «Үздік шабуылшы» (Петропавл), Нұрсәт Кумаров «Үздік қақпашы» және Берік Көбен «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша марапатталды.
Жұлдыз КЕНЖЕ