Шәмші әуені әуелеген күн

Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен тағы да Бадамшада Шәмші әндері шырқалып, жиылған жұртшылық бір серпіліп қалды.

Аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, ән падишасының артында  300-ден астам әсем сазды әуенін қалдырған Шәмші Қалдаяқовты ұлықтау барсында «Әуелейді,  Шәмші әні!» атты облыстық ретро әндер байқауы өтті. Оған облыстағы 8 аудан мен Ақтөбе қаласынан өнерпаздар қатысты.

Негізгі мақсаты — қазақтың ән өнерін дамыту, соның ішінде қазақ вальсінің королы Шәмші  Қалдыаяқовтың мол мұрасын халық арасында  орындап жүрген дарынды жастардың шығармашылығын қолдау,  қазақ эстрадасының маңдай алды шеберлерінің өнерін кейінгі жастарға үлгі ету.    Сонымен қатар, дарынды композиторлардың шығармаларын да ұлықтап, бұқара халыққа насихаттау барысындағы байқау екі кезең бойынша өткізілді. Ең алдымен бірінші кезеңде өнерпаздар Шәмші әндерін орындаса, екінші кезеңде басқа да елімізге танымал композиторлардың шығармаларын орындады.

Бұл байқауға облысқа танымал өнер адамдары  бағасын беріп, қазылық етті. Әділ қазылар алқасында  ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші – Нұртас Омаров, әнші, сазгер, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі — Сейсен Айтжанов, «Екі езу» сатира театрының актеры, Мәдениет саласының үздігі — Бекбол Татебаев болып, байқауға қатысушылардың өнерлерін бағалады.

Сондай-ақ, арнайы қонақ ретінде «Шәмші» қорының басшысы Қайырғали Арыстанғалиев, «Шәмші» ауылының азаматы Марат Дюсмағамбетов пен «Шәмші» қорының мүшесі Дария Дюсмағамбетова қатысып, осы өткен байқаудың кіріспесінде сөз алып, өнерпаздарға қор атынан демеушілік көрсетті. Алыстан келген қонақтарды  аулымыздың өнерпаздары қонақжайлылықпен қарсы алды.

Облыстық байқаудың шымылдығы аудандық «Ұшқын» халықтық театрының қойлымымен ашылды. Сонымен қатар, мәдениет үйінің фоесінде аудандық өлкетану музейі ұлттық мұра жәдігерлермен таныстырса,  аудандық  орталық кітапхана ұжымы ұлы сазгердің туындыларын жайната кітап көрмесін ұйымдастырды.

Байқау қорытындысы бойынша Байғанин ауданынан келген өнерпаз Ақбота Тәжімағанбетова үздік деп танылып,  бас жүлдеге ие болып, бағалы сыйлық табыс етілді. Ал 1 орын жерлесіміз Ару Бисенбаеваға  бұйырса, жүлделі 2 орынды Қобда ауданынан келген өнерпаз  Нұрдәулет Қуандықұлы, 3 орынды Ақтөбелік Ақторғын Ноғаева иеленді.

Арнайы жүлдеге Шалқар ауданынан келген  Гүлсана Дәрібаева ие болса,  Шәмші қорының атындағы арнайы сыйлықпен Ырғыз ауданынан келген өнерпаз Ғаламжан Әбдіжәлел  марапатталды. Сонымен қоса, барлық  жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ат сабылтып әр өңірден  бағын сынамаққа келген басқа да өнерпаздарға ынталандыру сыйлықтары  табысталды.

Осылайша, көрермендерді әсем әуенге бөлеген облыстық байқау өз дәрежесінде  өтіп, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы».