ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

Аудандық жастар ресурстық орталығында 25 қазан — Республика күніне орай шахматтан жастар арасында турнир өтті.

Шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі. Сондықтан да, аса қырағылық пен алғырлықты қажет ететін спорттық ойынға ауданымыздағы мекемелер мен білім ордаларының жастары және де Жосалы ауылының шахматшылары қатысты. Осылайша, турнирде барлығы 23 қатысушы өзара бақ сынасты.

— Спорттық шара жасөспірімдер арасында шахматты насихаттау және дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдауға ынталандыратын спорт түрі. Сондықтан да, бұл шахмат турнирін өткізу көпшіліктің зияткер ұлтты қалыптастыруға көмектесетін ойынға әуес болуына жол ашады,– деп атап өтті орталық басшысы Мейіржан Жұбан.

Осылайша, мерекеге орай өткен спорттық сайыста шахмат курсының жетекшісі Есболат Түлкібаевтың төрешілігімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Жосалы ауылынан Нұрсұлтан Қалмағамбетов ІІ орынды Бадамша ауылынан Айбек Асанбаев жеңіп алса, І орынды жосалылық Еркебұлан Қуаныш иеленді. Сонымен қатар, турнирде жарқын ойын өрнегін көрсеткені үшін шахматшы қыз Айнұр Шайдулла марапатталды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен медальдар және де бағалы сыйлықтар  табысталды.

-Мен бірінші сыныптан бастап шахматпен айналысамын. Қазір 11 сынып оқушысымен. Маған шахмат ойнаған қатты ұнайды. Ағайым Айдос Қосайұлы мектепте шахмат үйірмесінен көптеген шәкірттерді тәрбиелеп жүр. Жалпы, бұл спорттық ойын – жас буынның ойлау қабілетін дамытуға оң әсер етеді. Оған қоса, шахматты білетін балалардың математика пәнінен қабілеті де жақсара түседі,-дейді шахмат турнирінің жеңімпазы Еркебұлан Қуаныш.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

 

ТегтерСпорт