САЗДЫДА СЫЛДЫР ҚАҚҚАН ҚОҢЫРАУ
1 қыркүйек — Білім күні
Бұл күні барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алды. Биылғы жылы атаулы дата жексенбі күніне сәйкес келгенімен, еліміздегі барлық мектептердегі 1-ші және 11-ші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылды.
Осы орайда ауданымыздағы барлық білім ордаларында алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Биылғы 2024-2025 оқу жылы ауданымыздағы 12 мектепте 2404 бала білім алады. Ал 1 сыныпқа 245 оқушы қабылданып отыр.
Еліміздің сан алуан мектептерінің арасында көп жылдық тарихы бар Степной ауылдық округіндегі Сазды орта мектебі бар. Аудандағы ірге тасы әріден қаланып, атауын 67 жыл бойы өзгертпеген мектепте биыл 67-ші рет алғаш қоңырау сылдыр қақты.
Сазды орта мектебінің тарихы 1957 жылдың 1 қыркүйегінен бастау алады. Алғашында Сазды ауылындағы бастауыш мектеп болып қалыптасады.
Одан соң 1960 жылы 6 жылдық болып, жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, сол жылы ауыл Степной, ал мектеп Сазды мектебі болып аталған. Одан соң мектеп 1965 жылы 8 жылдық, 1972 жылы 10 жылдыққа көшіріліп, 1987 жылы мектеп жаңа ғимаратқа қоныстанады.
Айта кету керек, ежелден еңсе көтерген ауыл мектебінің ең алғаш директоры болған Тұрсынғали Бахитовтың да өзіндік өнегесі қалған азамат.
Бүгінгі таңда талапқа сай заманауи мектептің ауданы 1790,7 шаршы метр десек, жұмыс аумағы 1200,8 ш.м. құрайды. Мектеп бүгінгі күннің талабына сай жабдықталған. 20 бақылау бейне камераларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мектепте арнайы пәндік кабинеттер жасақталған.
Мектепті жөндеуге 9 млн.800 мың теңге бөлініп, толық игерілген. Білім ошағының ірге тасы қаланғаннан бері, күні бүгінге дейін 684 түлек түлеп ұшып, қазіргі таңда жетістіктерімен ұшқан ұясының абыройын арттырып, шеттегі ауыл мектебін елге танытып жүр.
Өткен 2023-2024 оқу жылы 11 сыныпты төрт оқушы аяқтап, оның 2-уі грант иегері атанғ.
Биылғы 2024-2025 оқу жылының алғашқы қоңырауына 80 оқушы сап түзесе, соның 4-уі 1-сынып табалдырығын аттап отыр. Расында, соңғы кезде ауыл тұрғындарының азайғанын байқап, бармақ тістеп те жатамыз. Бұл ойланарлықтай жайт.
Биылғы білім күніне арналған салтанатты шараға ауылдық округтің әкімі Гүлмайра Нұреділова қатысып, барша ұстаздар мен оқушылар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Атаулы мерекелі кеште мектеп табалдырығын аттаған Бауыржан Санжар мен София Абдрасулова мектепке шақырар күміс қоңырау үнін Степной аспанында әуелетіп, мектепке жол бастау алды.
Бақыт ИМАШЕВ