«СӘТТІҢ» СӘТТІ ӨНІМІ

Біздің өңіріміз көзтартар әсем табиғатымен, көпшіліктің көңілінен шығар ауылшаруашылық өнімдерімен көпшілікке мәлім. Топырағы құнарлы, берекелі ауылдың диқандары астықтан бастап, көкөніс, мал азығына дейін жылда егіп, еңбегінің жемісін көруде. Ең бір қуантарлығы ауданымыздың ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың жоғарылығы. Ендеше, жақсы өнімнің жақсы тұқымнан өнетінін ескерсек, бұл жерде шаруалардың   еңбегі орасан зор.  

Біз бүгінгі мақаламызда ауданымыздағы картоп дақылын егуге бейімделіп келе жатырған шаруа қожалықтары жайында сөз қозғамақшымыз. Бүгінде олар ауданымызды, сондай-ақ, облысымызды картоп өнімдерімен де,  шаруасын өрге домалатып отырған шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен де қамтып отыр. Солардың бірі ауданымызға қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылындағы – «Сәт» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығы 2016 жылдың ақпан айынан бастап картоп өсірумен айналысып келеді. Қожалықтың иесі–Ниязбеков Лескен Таңатарұлы.

Суармалы  шаруашылықпен  айналысатын қожалықтың өнімі көңіл көншітерлік. Биыл 60 гектар алқапқа картоп тұқымы егілген. Оның 25 га садон элита, қалғаны джелли картоп сорттары. Бүгінгі таңда картоп өнімдерін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алқаптың 34 гектарынан 600-650 тоннадай өнім жиналған. Шаруа қожалығында картоп өнімімен қатар, 500 гектар шабындық жері бар. Қазір сол 3 трактор күзгі науқан жұмыстарына жұмылдырылып, 2 трактормен картоп жинаса, 1 трактор шөп шабуда. Шабындықтағы шөптермен өздерін, одан қалды жұмысшыларын қамтамасыз етеді. Одан соң барып, артылған шөптерді тиімді бағада ауыл тұрғындарына сатылымға шығарады.   Бір руллон шөптің сатылымдағы бағасы – 6000 тг.

Картопты іріктеп жинауда 2 техникамен қатар 8 адам жұмыстануда. Сондай-ақ, картоптарды алқаптарда  қолмен жинауда  күніне 15-20 шақты адам жұмыс жасайды. Сенбі, жексенбі күні ауыл оқушылары да атсалысады. Демалыс күндері жұмысқа келетіндердің саны тіпті 30-40 адамнан асады екен. Картоп жинауға қызығушылық танытып арнайы жан-жақтан келетін адамдар саны жетерлік.

 Ас атасы наннан кейін орын алатын картоптың маңызы зор. Десе де, картоп өсіру де, оны жинау да оңай жұмыс емес. Өнімнің дұрыс шығуы құнарлы жерге байланысты. Жер тым ылғал да, тым құрғақ та болмау керек. Картоп өсірудің де өзіндік қиыншылығы бар. Оның үстіне өсімдіктердің өсуіне ықпал ететін қосылыстар, яғни тыңайтқыштар біздің өзіміздің Қазақстаннан шығып жатқан жоқ. Оларды Ресейден алдырамыз. Баға жағы да қымбат. Қымбатшылық болған соң, шығын да көп болады. Және де суармалы алқаптардағы суару тәсілі электр энергиясы арқылы жүзеге асырылатындықтан, жыл сайынғы электр энергиясының өзі едәуір қаражатты талап етеді. Оған қоса картопты қолмен жинайтынымыз тағы бар. Дегенмен де, өнімнің шығып, оны аудан мен облысқа тиімді бағада сатуға шығара алып отырғанымызға шүкіршілік етудеміз. Бірақ, былтырғымен салыстырғанда биыл өнім аздау болғанымен, сату бағасы қалыпты. Ал былтыр өнім мол болғанымен, баға жағы өте төмендеу болды. Сондықтан да, бұған да қанағат етудеміз. Егер де ауа-райы осындай ашық-жарық болса,  алдағы 10 шақты күнде картопты толық жинап бітіреміз,-дейді «Сәт» шаруа қожалығының орынбасары Айдарбай Бикеев.

                                 

Шаруа қожалығы әңгіме барысында мемлекетіміздің де білдіріп жатырған қолдауына ризашылығын жеткізді. Өйткені, шаруалардың жұмысына маңызы зор жанар-жағармайын жеңілдікпен ұсынуда, оған қоса шаруашылығымызға қажетті өзімізден шыққан техникаларымызға, тыңайтқыштарға, құрт-құмырсқа, арамшөптерге қарсы улауға субсидиялар берілуде. Мұның өзі де шаруалар үшін үлкен қолдау.

Көктем келісімен картоп егуді қолға алған шаруашылық қазір еңбегінің жемісін көруде. Өнімді жинау кезі басталғаннан-ақ, алқаптан бір сәтке де алыстамаған. Бастаған ісіңді жақсы көріп, сол үшін жаныңды беріп еңбек етсең, түбінде жемісін көретінің жасырын емес. Бұған бүгінгі кейіпкеріміздің ісі дәлел болмақ. Еккен егінінің жемісін көріп отырған шаруа қожалығы бүгінде картопты 90-100 тг көтерме бағамен облыс орталығындағы 41-разъезд «Табыс» коммуналдық базарына 20-30 тоннадан сатылымға шығарып отыр. Сондай-ақ, аудан мен ауданға қарасты елді мекендерге 110 тг  қол жетімді бағада ұсынуда.

Қашан да еңбекпен тапқанның еңбегі еленіп, несібесі мол болары анық. Олай болса еңбекпен қатайып, бақытын еңбектен іздеген шаруа қожалықтарының, шаруалардың  еңбегі жанып, мол нәсібеге кенеле беретініне сенімдіміз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА