Республикадан жүлдемен оралды

2024 жылдың 13-18 қаңтар аралығында Астана қаласында өткен ауыл оқушыларының республикалық олимпиадасында Бадамша мектеп бөбекжай-бақшасының 10 сынып оқушысы Алибек Қазмағамбетов  химия пәнінен жүлделі ІІІ орынға ие болды.

         Ауыл оқушы­ларының респуб­ликалық олимпиа­дасы өткен жыл­дың қа­рашасы мен биылғы 2024 жыл­дың қаңтар айының ара­лығында алғаш рет өтк­ізілді. Атал­ған бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы ал­шақтықты азайтуға ба­ғытталған.

Бұл пән  олимпиадасының  мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік  және кәсіби бағдарлануына бағыт беру болып табылады.

Еліміздің  әр аймағынан келген балалар білімдерін таразылап, өзара бақтарын сынады. Олимпиада 9-11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағытта өтті. Аталмыш білім додасының республикалық кезеңіне Ақтөбе облысынан 20 оқушы қатысты. Нәтижесінде, біздің ауданымыздың 10 сынып оқушысы  химия пәні бойынша  жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Алибекті білім бәйгесіне дайындап, жетекшілік еткен ұстазы — Мария Утешева.

Айта кететін болсақ, «Ұстаз еңбегі  — ұлы еңбек»,-демекші Мария Утешева Бадамша мектеп бөбекжай-бақшасында 1991 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жоғары санатты химия, биология пәнінің мұғалімі. Саратов қаласындағы Н.Г.Чернышевский атындағы мемлекеттік университетінің «Биология» факультетін бітірген.

-Алибек біздің мектебімізде 8 сыныптан бастап білім алады. Осы уақыт аралығында мектеп бағдарламасын игеруде өте жоғары нәтиже көрсетіп келді. Барлық пәннен үздік оқиды. Қазақ тілі мен орыс тілінде еркін сөйлейді. Сондай-ақ, ол көпбалалы, тату-тәтті отбасындағы кенжесі. Ата-анасы да ұстаз, білімді жандар. Әкесі Адилжан Қазмағамбетов №2 Бадамша орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал анасы Зоя Меркулқызы балалар жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ спортынан жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Алибек бастауыш сыныптан-ақ өзінің жан жақтылығын, ізденімпаздылығын көрсете білді. Қашан да өзіндік ой-пікірлерімен, өзінің идеяларымен көпшілікті таң қалдыратын. Әсіресе,  тапсырмаларды орындауда зерек те алғыр. Оның  есте сақтау қабілеті өте жақсы дамыған және дүниетанымы кең. Алибек химия, физика және математика сынды пәндерге деген қызығушылығы зор.  Аталмыш осы пәндер бойынша аудандық, облыстық олимпиадаларының жеңімпазы. Алибектің химия пәніне деген қызығушылығы 8 сыныптан бастап аңғарыла бастады. Жыл өткен сайын бұл пәнді тереңінен игеруге  ұмтыла берді.  Осылайша, 9 сыныпта алғаш рет аудандық, кейін облыстық химия білім додасында жүлдегер атанып, облыстан  1 орынға ие болды.  Биыл да химия пәні  бойынша  олимпиаданың аудандық кезеңінде жүлдегер атанып,  облыс бойынша 2 орынға ие болды.  Ал, ауыл оқушы­ларының респуб­ликалық олимпиа­дасында үздік нәтиже көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Ұстаз ретінде шәкіртімнің мұндай жетістігіне өте ризамын. Оқушымның әлеуеті мен білімге деген құштарлығы,  табанды еңбекқорлығы өте зор. Сондықтан да,  осындай белсенділігінің арқасында алда әлі де үлкен биік белестерді бағындыратынына кәміл сенемін және мақтан етемін. Бүгінгі жетістігі тек мектептің, ауданымыздың ғана емес бүкіл облыстың абыройы деп білемін,-деген лебізін білдірді ұстазы Мария Хаджимуратқызы.

         Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерЖетістік