РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

25 қазан-Республика күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Жасай бер, Қазақ елі!» атты  салтанатты шара өтті.

Мерекелік шара қос бүлдіршіннің сахналық қойылымымен басталып,  одан соң балалар мен үлкендер хоры бірге Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады.

 

Еңселі егемендігіміздің, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, айбарлы азаттығымыздың айғағындай болған ұлттық мерекеміз Республика күнін салтанатпен қарсы алған қарғалылықтар аталмыш шараға бір кісідей жиналды.

Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев  тұрғындарды мерекемен құттықтады.

-Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Бұл мереке – біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, әрқайсымыздың туған өлкемізге деген шексіз сүй­іспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің нәтижелі нышаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткен құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының  символы  болуы керек. Қазанның 25-ін, Егемендік күнін жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз қажет» деп Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президентіміздің бұл саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың  салмағын еселеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті,-деп бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып өткен аудан басшысы өлкеміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлесін қосып жүрген қызметкерлер мен ардагерлерімізді марапаттады.

 

Іс-шарада облыс әкімінің Алғыс хаты аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нәйля Қожақоваға, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұрболат Құспановқа, «Богдан» шаруа қожалығының басшысы Константин Горбаньға және де Петропавл орта мектебінің тазалықшысы Асима Көптлеуоваға табыс етілді.

Сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хатымен көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Бәден Кужакова, көп балалы ана, «Ана даңқы» орден иегері Разия Абубакирова, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Зейнелғабдин Дербіспаев, аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Темирлан Арыстангалиев, Ақжайық медициналық пунктінің жүргізушісі Асылбек Уксукбаев пен қорғаныс істер бөлімінің инспекторы Дина Байсеупова марапатталды.

Сонымен қатар, мерекелік шарада аудандық мәслихат депутаты Татьяна Глуханьковаға «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хаты табысталды.

Салтанатты жиын аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мерекелік бағдарламада «Кербез» би ансамблі қазақ биімен өнер көрсетсе, «Мейрам» тобы «Шашу», «Кең далам»  әндерін, Ольга Сычёва – «Земля Казахстана», Ерасыл Игизбаев «Елім-ай», Лариса Аманғосқызы  «Алтын бесік»,  Дулат Қартаңбай – «Қазақтың бәрі туысқан», Жасұлан Жұмабаев «Қазақстан» атты патриоттық тақырыпта әндер шырқады. Ал, өнер мектебінің ұстаздары қазақтың қара домбырасымен күй шертіп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Осылайша, Ұлттық мерекеміз ұлықтылған шара соңы ауданымыздың Гимніне айналған «Қарғалым менің» әнімен қорытындыланды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА