Рәміздер күніндегі салтанат

Салтанатты жиында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қазақ камералық хоры эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимнді орындап, еліміздің көк байрағы көтерілді.
— Баршаңызды еліміздің айтулы мерекесі — Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер — еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимні — біздің мемлекеттігімізді күллі әлем алдында ерекшелейтін ең биік құндылықтарымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көк байрағымыз — мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз — азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз — еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш нышаны халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады», — деп атап өткен еді.
Бүгінде ақтөбеліктер ғылымда, мәдениетте, әлемдік спорт ареналарында зор жетістіктерге жетіп, көк туымызды биікке көтеруде. Бұл әр қазақстандықтың жүрегінде ерекше мақтаныш сезімін оятады.
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың мән-маңызын жас ұрпаққа түсіндіру — барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуге тиіс.
Осы бір ерекше мереке күні отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке тілеймін! Мемлекетіміздің айбарын асқақтататын нышандар төрімізден түспей, тұғыры биік болсын! Көк байрағымыз биікте желбіресін! — деп лебізін білдірді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Артынша облыстық филармония солисі Әкімжан Шәкіров «Көк тудың желбірегені» (сөзі: А.Ахметбек, әні: Е.Зейіпхан) әнін әуелетті.
Демалыс орнындағы «Тутұғыр» алаңында өткен шараға атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, әскерилер мен тұрғындар қатысты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ
aqtobegazeti.kz